Елішілік бокс бәсекесінде шәкірттері ойсырай жеңілсе де, кей бапкерлердің намысқа тырыспайтынына күйіне сөйлеген Еділов кезінде Олимпиадада 2 алтын 2 күміс алып келсе де, өзі ескерусіз қалғанын қынжылыспен жеткізді.
"Уақыт көрсетеді" YouTube арнасына Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов сұхбат берді. Ол Париж Олимпиадасындағы боксшыларымыздың жаппай жеңілгені жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Олимпиадада бас бапкер жауапты. Ондай ірі жарысқа баратын мықтыларды кішігірім халықаралық жарыстарға апармау керек еді. Шымбергеновті неге апарады, Олимпиадаға? Ол 12 жыл олимпиадалық құрамада жүр, оның орнына жас күштерді апару керек қой. Ат та 12 жыл шаппайды ғой. Бұл жерде бас бапкердің білімі керек. Бір шәкіртін 3 Олимпиадаға апару деген болмайды ғой. Басқа да мықты боксшыларды үлкен жарыстарға тарту керек», – дейді ол.
Елішілік бокс бәсекесінде шәкірттері ойсырай жеңілсе де, кей бапкерлердің намысқа тырыспайтынына күйіне сөйлеген Еділов кезінде Олимпиадада 2 алтын 2 күміс алып келсе де, өзі ескерусіз қалғанын қынжылыспен жеткізді.
«Бізде қазір бокске бөлінетін қаражат футболға бөлінетін ақшадан 2 есе көп. Баяғыда бізге 15 боксшыға, 2 жаттықтырушы мен 1 дәрігерге ғана ақша бөліп, болашақ чемпиондарды дайындататын. Оның өзінде әуелі біз өз ақшамызбен жаттықтырып, үкімет бөлген қаржыға 2-3 айдан кейін ғана қолымыз жетуші еді. Қазір ше? Қазір 100 бала дайындық кезеңінде жаттығып жатыр. Бірақ, нәтиже жоқ. Біз Токио Олимпиадасынан кейін-ақ дабыл қағып, қазақ боксындағы жүйені түгел өзгертуіміз керек еді», – дейді Тұрсынғали Еділов.