Ол адамның бетіне тік айтудан қорықпайды. Ол әйелдер боксынан қазақстандық спорттың бет-бейнесіне айналған жан.
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас хатшысы Жанар Өтешова Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Назым Қызайбайды мақтай жөнелді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның пайымдауынша, Назымның қоласы «алтынмен пара-пар».
«Оның бойында мейірім мен шынайылық, нәзіктік пен батылдық үйлесім тапқан. Онымен әңгімелесу – бір ғанибет. Ол өзіне не керегін, қаншалықты мықты екенін және қай жерде не жетпейтінін жақсы біледі.
Ол – батыл. Ол адамның бетіне тік айтудан қорықпайды, осы қасиеті маған да ерекше ұнайды. Ол әйелдер боксынан қазақстандық спорттың бет-бейнесіне айналған жан. Оны талай адам үлгі тұтты, оған ұқсағысы келген талай жан спортқа бет бұрды.
Ол – мықты. Боксқа қолын бір сілтеп, спорттан кетіп қалатын сәттерде мойыған жоқ. Берілген жоқ.
Ол – чемпион!
Қола медаліңмен құттықтаймын, @nazym_kyzaibay09! Бұл медаль біз үшін алтынға пара-пар», – деп жазды Жанар Өтешова желідегі парақшасында.