12.08.2024, 21:30

Павлодарда 25 жастағы жігітті түнгі клубтың жанында ұрып өлтірген

Фото: Москва24

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Павлодардағы «Гоголь» түнгі клубының жанында кісі өлімі болды. Полиция денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Таң алдында көңіл көтеру орнынан шыққан жастар төбелесіп, салдарынан 25 жастағы жігіт көз жұмды.

Өңірлік жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметі оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы барғанын, алайда қызметкерлер жігіттің өмірден өтіп кеткенін тіркегенін жеткізді.

«Оқиға таң алдында болған. Жас жігітті әлдебіреулердің ұрып-соққаны туралы шақырту шамамен сағат 04.48-те түсті. Медициналық бригада жедел жеткенімен  соққы тиген азаматтың көз жұмғаны анықталды», - деп хабарлады жедел жәрдем қызметінен.

Полицейлер аталған оқиғаны жіті тексеріп жатқанын хабарлады.

«Түнгі клубтардың бірінің жанында болған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.