13.08.2024, 16:40

«TikTok» желісінде құмар ойындарын ұйымдастырғандар сотталды

Фото: Pixabay

Кінәлі тұлғалар «TikTok» әлеуметтік желісінде жалпы сомасы 34 млн теңгеден астам табыс  тапқан. 

Сот үкімімен Астана қаласының 2 тұрғыны Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс жерлерде құмар ойындарды ұйымдастырғаны және өткізгені үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Астана қаласы прокуратурасының мәлімдеуінше, алдын ала сөз байласу адамдар тобымен кінәлі тұлғалар «TikTok»әлеуметтік желісінде «Зарик» атты құмар ойын өткізу арқылы, жалпы сомасы аса ірі мөлшерде 34 млн теңгеден астам табыс тапқан. 

Ойынның шартына сәйкес, тікелей эфирге қосылған азаматтар 500-ден 4000 теңгеге дейінгі мөлшердегі белгіленген соманы ұйымдастырушының есепшотына есімін және ұтыс алу үшін жеке телефон нөмірін көрсете отырып жолдайды. Бір ойын тек екі қарсыластың арасында өтеді.

Бәс тігудің жеңімпазы 3 ойын текшесінайналдыру арқылы анықталады. Ең көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз болады.

Үкім заңды күшіне енді.