Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ақмола облысының Атбасар қаласында полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып, мерт қылды. Аталған оқиға бойынша полиция іс қозғады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы тамыздың 18-де түнгі сағат 02:50 шамасында болған.
«Атбасар қаласында жаяу адамды көлік қағып кетті, ол алған дене жарақатынан көз жұмды. Осы оқиғаға қатысы бар жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деді ведомстводан.
Әлеуметтік желіде тараған жазбада күдікті 2013 жылдан бері полиция қызметкері болып жұмыс істеген.
Полиция өкілдері кінәлі жүргізушінің полиция қызметкері болып істегенін растады.
«Қазіргі уақытта ол теріс себептермен ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды және тергеу барысы Ақмола облысы ПД басшылығының бақылауында», - деп толықтырды ведомстводан.