21.08.2024, 16:20

«Оның қатыгездігін білдім»: Әжетханадан табылған Асылымның анасы көрші қыздан күдіктенгенін айтты

Коллаж: inbusiness.kz

Балам әдемі күшік әкелсе, ол күшікті де қапқа салып, ағызып жіберетін.

Түркістан облысында денесі дәретханадан табылған 3 жасар Асылымның анасы болған жайтқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы AzatNews ақпараттық порталына сілтеме жасап.

"Осыдан бірнеше ай бұрын жоғалған, үш күн күндіз-түні іздеген Асылымның анасымын. Бүкіл халық болып іздедік. Сіргелі ауылы, Сарыағаш қаласы, Түркістан облысы – бәрі іздеді. Ат салыспаған адам жоқ. Күндіз-түні ұйықтамай іздеді. (Қызымның ) өлі денесін таптық. Қатыгездікпен өлтірілген болып шықты, әжетханадан табылды. Жүрегіміз ауырып, қан жылайды. Милиция айғақтар жоқ дегенмен бізде күмән болды. Өз өлімімен қайтыс болды дегенге сенбедік, (әжетхананың) кішкентай тесігіне бала сыюы мүмкін емес. Мен қанша шырылдадым, қанша жүгірдім. Отбасымызбен өзі түсіп кеткеніне сенбедік. Ана жүрегі сезді. Осы шындық шыққанша күндіз-түні ұйықтай алмадым. Жазалансын, ел білсін, көрсін деп бүкіл Қазақстанға айқайлап айтқым келеді", - деді Асылымның анасы берген сұхбатында.

Сөзінше, мұндай жағдай екінші рет қайталанып отыр.

"Кішкентай бес жарым жасар қызды әжетханаға тасталғаннан кейін барып оның беті ашылып отыр. Алла сақтап, ол қыз аман қалды. Өтіп бара жатқан көрші баламыз естіп қалды. Соның арқасында менің қызымның қасақана өлтірілгені жария болып отыр. Ең бастысы қыз мойындады. Тергеу процесі әлі жүріп жатыр. Жақында сот басталады. Жүрегіміз қан жылап отыр", - деді қайтыс болған Асылымның анасы.

Ол қайғылы жағдайдан кейін көрші қызға сезіктеніп жүргенін жеткізді.

"Мен сездім. Өйткені ол күні бойы музыка қойып, айқайлап күлетін. Ол қызда қатыгездік көп еді. Менің балаларым жүріп бара жатқанда ұрып кететін, қыздарым оны көрген кезде үйге кіріп, ол кеткеннен кейін ғана далаға шығатын. Балам әдемі күшік әкелсе, ол күшікті де қапқа салып, ағызып жіберетін. Оның қатыгездігін білдім. Дәлел болмаған соң айта алмадым", - деп жалғастырды спикер.

Бүгінде ауыл тұрғындары күдікті қыздың отбасы басқа жаққа көшіп кетсін деп талап қойып отыр.

Айта кету керек, осыған дейін Түркістан облысында 3 жасар қыздың денесі дәретханадан табылғанын жазған болатынбыз.