Менің шәкірттерім биылғы Вьетнам чемпионатында 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орынды олжалады.
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұқбатында Вьетнамда қызмет етіп жатқанын, сондай-ақ бокстан Қазақстан құрамасының тізгінін ұстауға қалай қарайтынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Біраз уақыттан бері Вьетнамда еңбек етіп жүрген жайым бар. Нақтылап айтсам, бокстан Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкерімін. Бұл жақта да жаман жұмыс істеп жатқан жоқпын. Менің шәкірттерім биылғы Вьетнам чемпионатында 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орынды олжалады. 8,5 миллион тұрғыны бар астаналық боксшылар аталған жарыста бұрын-соңды бірде-бір рет осындай биікке көтерілген емес. Осылай қазіргі кезде Үнді-Қытай түбегінде еңбек етіп жүрмін", - деді Бақыт Сәрсекбаев.
Сондай-ақ Бақыт Сәрсекбаев бокстан ұлттық құраманы тізгінін ұстау туралы ұсыныс түссе не деп жауап беретінін айтты.
"Оған қарсы емеспін. Бірақ команданы "Еті сенікі, сүйегі біздікі" деген ұстаныммен берсе ғана қабылдаймын. Әркім жұмысыма араласып, "үйт, бүйт" дегенін қаламаймын. Талабым сол. Қазір өзім де жұмыссыз емеспін. Шетелде жемісті еңбек етіп жатқанымды жоғарыда айттым. Вьетнамның спорт басшылары атқарған шаруаларыма дән риза. Ең бастысы, бұл жақта сыйлымын. Алайда қазақ боксының болашағына алаңдаймын. Сол кезде бәрін тастап, елге қайтқым келеді. Қазақ боксын жаңа деңгейге көтерсем деп армандаймын", - деді Бақыт Сәрсекбаев.