Оның айтуынша, АЭС тек энергия беріп қоймай, ғылымды, инновацияны, технологияны жаңа деңгейге көтереді.
«Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінде жас ғалым, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров бүгінде атом электр стансаларын пайдаланатын әлемнің 32 еліне дүниежүзілік экономиканың және әлем халқының тең жартысы тиесілі екенін атап өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
– Ел азаматтарын толғандырып отырған АЭС салу мәселесін ғылыми тұрғыдан біле тұра, үн қоспай қала алмаймын. Әлемнің 30-дан астам елінде 440-тан аса ядролық реактор бар. Ал 20-ға жуық мемлекет өз аумағында атом электр стансасын салуды көздеп отыр. Бұл – халықаралық тәжірибе. Міне сондықтан көш соңында қалмау үшін АЭС Қазақстанға аудай қажет. Ол уран өндіруден бастап, энергияға айналдыруға дейін толық өндіріс циклын қамтамасыз етуге жол ашатын ірі жоба, – деді жас ғалым.
Оның айтуынша, АЭС тек энергия беріп қоймай, ғылымды, инновацияны, технологияны жаңа деңгейге көтереді.
– Біз осы ғылым көшінен артта қалып қоймайық. Атом қуатын бейбіт мақсатта пайдаланайық. Сондықтан, осы бастамаға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек, – деп түйіндеді Асхат Шүкіров.