Магистратура бойынша білім беру гранттарын тағайындау конкурсына ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 75 балдан, бейіндік бағыт бойынша 30 балдан жоғары жинаған оқуға түсушілер қатысты.
Ғылым және жоғары білім министрлігі магистратура бойынша білім грантын иеленгендердің тізімін жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің Telegram-да жариялаған мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік гранттар Республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалған. Комиссия құрамында министрліктің, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы және қоғамдық ұйым өкілдері болған.
"Білім беру гранттары кешенді тестілеу (КТ) нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалды. Магистратура бойынша білім беру гранттарын тағайындау конкурсына ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 75 балдан, бейіндік бағыт бойынша 30 балдан жоғары жинаған оқуға түсушілер қатысты. Жалпы конкурсқа 15 196 адам қатысты", - делінген ведомство хабарламасында.
Болашақ магистранттарды ЖЖОКБҰ-на қабылдау 2024 жылғы 28 тамызға дейін (қоса алғанда) жүргізіледі. Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімімен ҚР ҒЖБМ және Ұлттық тестілеу орталығының Telegram-дағы арналарынан қарауға болады.