Ақы төлемеуді әдетке айналдырған алматылықтармен күресте тың әдіс ойлап табылды. Қаланың коммуналдық қызмет өкілдері жылдап суық су мен кәріз жүйесін төлемеген тұрғындардың кәріз құбырын бітеп жатыр, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
Нәтижесінде нәжіс суын ағыза алмай әбігерге түскендер, үш күннің ішінде қарызынан құтылатын —көрінеді.
Мәселен, бір азаматтың екі жылдан бері суық су мен кәріз жүйесі қызметіне қарызы 35 мың теңгеден асып жығылған. Ол баспанасын жалға беріп, «Алматы су» холдингі жіберген ескертпе хатқа пысқырып та қарамаған. Енді камера орнатылған арнайы құрылғы арқылы 15 минуттың ішінде қарызы бар абонентті қызмет түрлерінен толық ажыратуға мүмкіндік бар. Ең қызығы, нәжіс суын ағыза алмай тығырыққа тірелген қалалықтар, айлап мойнына ілінген қарызынан 3 күннің ішінде құтылады.
— Жеке меншік үйлерде және заңды тұлғалардың объектілерін өшіруде арнайы техника мен экскаваторды шақырып айлап, жылдап төлемейтін тұрғындарды су және кәріз қызметінен өшіреміз, — деді «Алматы су» холдингінің баспасөз хатшысы Серік Шәгіров.
Бұған дейін берешегі бар пәтер иелері үшін тұтас бір үй зардап шегетін. Тиын-тебенімен ақшасын төлеп жүрсе де, суық судан ажыратылып, қиыншылық көретін. Енді монитор арқылы жіті бақыланып отыратын құрал-сайман арқылы қарызы бар абонентті дөп басып табуға болады.
— Бұған дейін тұтынушылар біздің қарызымыз үшін толық өшіре алмайды деген пікірде болатын. Сол ойларымен жылдар бойы төлемейтін. Енді жаңа құрылғы арқылы қарызы бар квартираны табуға болады, — деді «Алматы су» холдингінің баспасөз хатшысы Серік Шәгіров.
Айта кетерлігі, Алматы қаласы бойынша заңды тұлғалардың суық суға берешегі —150 миллион, ал кәріз жүйесіне — 125 миллион теңгені құрайды. Қызмет түрлерінен ажыратпас бұрын коммуналдық қызмет өкілдері бірнеше рет ескертпе хат жолдайды. Былтыр 1653 пәтер ажыратылып, нәтижесінде жылдар бойы қордаланған қарыздың 77 пайызы өтелді.