Әуезов полиция басқармасына масаң күйде барған.
Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров Әнару Құрманәлінің психологиялық-наркологиялық денсаулығына сараптама жүргізу үшін арыз түсірді. Бұл туралы бүгін Алматыдағы баспасөз мәслихатында оның адвокаты Самат Мамутов мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Самат Мамутовтың айтуынша, ол әлеуметтік желіде Әнару Құрманәліге қатысты тарап жатқан видеоларды тексерсін деп полицияға өтініш білдірген. Және бұл тарап арызданушының басқа адамдардың үстінен осылай арыз түсіріп, олардан ақша алғаны туралы деректерді тексертіп жатыр екен.
«Егер осы ақпараттар ресми органдар арқылы расталса, сіздерге хабарлаймыз. Ал, бізге келіп түскен ақпарат бойынша және интернетте таралып жатқан бейнематериалдар бойынша, арызданушы Әнару Құрманәлі Жанқош Тұраровтың үстінен арыз жазған 19 тамыз күні Әуезов полиция басқармасына масаң күйде барған. Сол жерде басқа адамдармен жанжалдасып, төбелесіп, киімі жыртылып, жартылай жалаңаштанып, өзінің бейәдеп мінез-құлқын көрсеткен. Мен осыған байланысты сұрау салып, Әуезов полиция басқармасының ғимаратындағы бейнебақылау камераларының жазбасын сұратып, іске тіркеуге және тексеруге, оған құқықтық баға беріп, жаза қолдану туралы сотқа дейінгі тергеушіге өтініш білдірдім. Арызданушы Әнару Құрманәлидің өз әрекеттеріне жауап бермейтін теріс қылықтары интернетте тарап жүр. Егер ол рас болса, іс аясында арызданушыға сот-психиатриялық және наркологиялық сараптама жүргізуге өтініш білдіреміз. Өйткені, бізге ол психотроптық заттар қолданады деген ақпараттар түсіп жатыр», - дейді Мамутов.