27.08.2024, 17:00

Шымкентте жиналыс кезінде ұсталған шенеунік сотталып кетті

Фото: Видеодан кадр

Тергеушілердің айтуынша, ол ұрланған ақшаны монша кешенін салып, оны ата-анасының атына рәсімдеген.

Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сот отырысында ұсталған шенеунікке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Соттың дерегіне сенсек, тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуге және олардың сейсмикалық төзімділігіне технологиялық сараптама жүргізуге бөлінген 367 миллион теңгеден астам қаржыны ұрлады деп айыпталды. 

Тергеушілердің айтуынша, ол ұрланған ақшаны монша кешенін салып, оны ата-анасының атына рәсімдеген, сол себепті оған да қылмыстық кірісті заңдастыру бабы бойынша айып тағылған. Онымен бірге ақшасын қайтарып алған жеке кәсіпкер ұрлық жасағаны үшін сотталды.

"Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, ҰҚК қорытындысымен, мамандар мен сарапшылардың қорытындыларымен, сондай-ақ іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен дәлелденді", – деді сот.

Шенеунік мүлкін тәркілеумен 9 жылға, ал кәсіпкер 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.