$ 478.96  533.03  5.22

«Экономикаға үлкен акцент қойылады»: Депутат алдағы Президент Жолдауынан не күтетінін айтты

Билікте ауыс-түйістер болып, министрлер, әкімдер ауысуы да мүмкін.

Фото: parlam.kz
Фото: parlam.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйек айының басында Қазақстан халқына арнайтын Жолдауында қандай мәселелер көтеріледі? Қандай мәселелерге басымдық беріледі? Жалпы биылғы Жолдаудан не күтеміз деген ой көпшілікті мазалап жүргені анық. Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза алдағы Жолдауға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Биылғы Президент Жолдауында экономикалық бағытқа басымдық берілуі мүмкін.

«Экономикаға үлкен акцент қойылады. Себебі, адамдардың тұрмыс-тіршілігі қазір өзекті мәселелердің бірі. Сондай-ақ билікте ауыс-түйістер болып, министрлер, әкімдер ауысуы да мүмкін. Оны жылдағы тәжірибеге сүйеніп айтсақ болады», – деді Самат Нұртаза.

Ол өткен жылғы Президент Жолдауынан өзі үшін 3 басты мәселені түртіп алған. Былтырғы сұқбатында депутат кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату керектігі бойынша Президент тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуы керек деген. Қазір сол мәселелердің қаншалықты орындалғанына тоқаталды.

«Зорлық-зомбылық бойынша әріптесім, депутат Жұлдыз Сүлейменованың бастамасымен жақсы заң шығарылды, біз оны қолдадық. Ол заң өз күшіне енді деп ойлаймын», – деді мәжілісмен.

Екінші мәселе – құқықтық органдар кіші және орта бизнесті мазаламау бойынша мемлекет толықтай қанағаттандырарлық нәтиже көрсетті, дейді депутат.

«Елде орта және кіші бизнес жақсы дамып келе жатыр. Кезінде салықтан да уақытша босатты, мемлекет тарапынан кішкене ес жинап алуға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ Қытаймен визасыз режим жасаудың өзі бизнес үшін оң ықпалын тигізгенін көріп отырмыз. Көптеген кәсіпкерлер соның арқасында жақсы жұмыс істеп отыр, ойыншық болсын, астық болсын, жиһаз болсын, көрші мемелекетпен тауар айналымын жасап жатыр. Елде соның арқасында жаңа көліктер көбейді дегендей», – деді ол.

Сондай-ақ мәжілісмен АЭС салу мәселесі жайлы ойын айтты.

«Бұл мәселеге келетін болсақ, оны жалпыхалықтық референдум шешеді деп ойлаймын. Онда жақтаушы және қарсы тараптың ойын тыңдап, ортақ шешім шығады деген үміттемін. Менің ойым, біздің қоғам дұрыс шешім қабылдайды деп есептеймін», – деді депутат.

Самат Нұртаза бұл жолғы Жолдаудан ықпалды экономикалық шешімдер күтетінін айтты.

«Өткен жолғы Президент Жолауы бойынша біраз нәрсе орындалды, әлі де орындалады. Сондай-ақ алдағы Президент Жолдауында экономикалық бағытқа басымдық беріледі деп есептеймін», – деп қорытындылады ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары