2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төмен жалақы мөлшері 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бір жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оларға сапалы білім беру, зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында елдегі әлеуметтік саланы одан әрі ілгерілету үшін Үкіметке бірқатар тапсырма берген болатын. Осы бағыттардағы Президенттің қандай тапсырмасы бір жылдың ішінде жүзеге асты. Skifnews.kz ақпарат порталы шолу жасап көрді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оларға сапалы білім беру
Президент Жолдауында жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек екендігін айтты.
«Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
Осы тапсырма бойынша жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қандай жұмыстар атқарылды?
Ішкі істер министрлігі мүдделі органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2023 жылғы қазан-қараша айларында мектептер мен өзге де білім беру объектілеріне іргелес аумаққа жол инфрақұрылымы мен жол жүрісін ұйымдастырудың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі мәніне қосымша тексеру жүргізді.
Тексеріспен 20898 білім беру объектісі қамтылды (7828 – мектеп, 11338 – балабақша, 1732 – қосымша білім беру ұйымдары).
Тексеру нәтижелері бойынша білім беру объектілерінің 78% (16281) іргелес көше-жол желісі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды қажет ететіні, сондай-ақ жол инфрақұрылымын жабдықтаудағы кемшіліктер (жол белгілерінің, жарықтандырудың, қоршаулардың және т.б. болмауы) бар екені анықталды.
Жол және коммуналдық ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жоюға 3 мыңнан астам ұйғарым берілді. 140 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2023 жылы білім беру объектілерінің жанында 1483 жаяу жүргінші өткелі, 2615 жасанды жол бұдырлығы, 5091 жол белгісі, 61460 метр тротуарлар және 300 мың метр жарықтандырумен жабдықталды.
1722 білім беру объектісі бойынша жұмыстар аяқталды, бұл 2024-2025 жылдарға жоспарланған жұмыстардың 22%-ын құрайды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде (2023 — 2024жж.) бүгінгі таңда білім беру ұйымдарының 15 мыңға жуық (71%) инфрақұрылымы қазіргі заманғы қауіпсіздік талаптарына жауап береді.
Білім беру объектілерінің жол инфрақұрылымын қауіпсіздік талаптарына келтіру жөніндегі жұмыс жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалғастырылады.
Балаларға арналған ғимараттардың, киімдердің, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызды бастамалар қолға алынып, жүзеге асты.
Денсаулық сақтау министрлігі білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті;
Мектептерді тексеру қорытындысы бойынша 2398 жауапты адамға қатысты 49 нұсқама берілді, 495 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, 120 адам жұмыстан шеттетілді, 42 материал сотқа жіберілді;
СЭҚ жоқ проблемалық мектептер бойынша әкімдіктер білім беру және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған өңірлік іс-қимыл жоспарларын бекітті. Оны іске асыру шеңберінде ай сайын санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіледі.
Барлық жерде тамақтану қызметтерінің өнім берушілерімен, мектептердің, білім беру ұйымдарының әкімшілігімен санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, психологиялық қолдау қызметтерін институционалдық күшейту туралы тапсырма бойынша бүгінгі таңда орталықтар еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді, онда 9558 кәмелетке толмағандарға, 10576 ата-анаға көмек көрсетілді.
Зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту
Психологиялық қолдау қызметтерін институционалды нығайту жұмыстары жалғасуда.
Зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсету бағдарламасын әзірлеу және бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыруда отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі «111» байланыс орталығы өзіне — өзі қол жұмсаудың, жәбірлеудің, зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңызды тетігі болды.
Байланыс орталығы шұғыл қызметтер тізіміне енгізілген, қосылу тегін және тәулік бойы жұмыс істейді.
Биылғы 30 шілдеге дейін байланыс орталығына 600 бала жүгінді. 146 өтініш бойынша анықтамалық сипаттағы ақпарат берілді, 170 өтінішке тәжірибелі психологтар кеңес берді, 284 өтініш иесіне мемлекеттік органдармен бірлесіп уақтылы көмек көрсетілді.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», - деген еді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
Зорлық-зомбылықтың кез келген нысаны үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды;
Кәмелетке толмағанға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша татуласу мүмкіндігі алынып тасталды, бұл құқық бұзушыны жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
Қылмыстық кодекстің ауыр және денсаулыққа орташа зиян қасақана келтірілгені, азапталғаны бойынша бас бостандығын шектеу сияқты жаза түрі алынып тасталды, бас бостандығынан айыру көзделген;
Кәмелетке толмағанды зорлау фактісі үшін, тек өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады, бұрын баламалы жаза түрі – 20 жыл бас бостандығынан айыру болған;
«Адам ұрлау» және «Заңсыз бас бостандығынан айыру» сияқты қылмыстар бойынша неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын «кәмелетке толмағанға қатысты» біліктілік белгісі қосылды;
50 тәулікке дейін қамауға алу қаупімен «кәмелетке толмағандарға жыныстық қатынас жасағаны» үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
«Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» және «ұрып — соғу» баптарына қатысты қылмыстық жауапкершілік белгіленді;
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін ата-аналардың жауапкершілігі енгізілді;
Кәмелетке толмаған баланы қорлау (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді;
16 жасқа толмаған, ата-анасы және (немесе) өзінің заңды өкілі ертіп жүрмеген адамды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кеткен үшін жауапкершілік енгізілді.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту
«Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді», - делінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төмен жалақы мөлшері 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен болмайтын деңгейде қамтамасыз етуге міндетті.
Нәтижесінде 85 мың теңгеге дейін жалақы алатын түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде бюджет саласындағы 350 мың қызметкердің ақшалай кірістері өсті.
Бірінші кезекте ЕТЖ арттыру «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады.
Жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бойынша жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.