$ 495.2  522.34  4.94

«Тура азаптайтын жер дерсің»: Алматыда қарттар үйін паналаған зейнеткер біраз былықтың бетін ашты (ВИДЕО)

Мұның бәрін істеп отырған Мира есімді санитар әйел.

Фото: Караван
Фото: Караван

Алматыдағы қарттар үйіндегі кейуана мекеме қызметкерлерінің жұмысына шағымданды. Қарияның жанайқайы жазылған бейнежазба әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бейнежазбада қарияның бет-әлпеті көрсетілмеген. Ол қарттар үйінің қызметкерлері қарияларға селқос қарайтынын, тіпті күш көрсететінін айтты. 

“Мен мұндай нәрсеге үйренбегенмін. Олар күш көрсетіп, қатігездік танытқаны сондай, істегендері адамшылыққа жатпайды. Менің су ішкім келеді, бірақ оған да жете алмадым. Тексерілейін деп дәрігер шақырамын. Бірақ ешкімнің қарағысы жоқ, тіпті көмектеспейді. Мұның бәрін істеп отырған Мира есімді санитар әйел. Мені қалай кіргізгенін көрдіңіздер. Ол мені өзінің сөзі жүретін жерге кіргізіп алады. Бәрі соны тыңдайды, соған бағынады. Ал ол айғайлағаннан басқа ештеңе білмейді. Тура азаптайтын жер дерсің”, – дейді қария.

Желіде тараған видеоға қатысты қарттар үйінің басшысы пікір білдірді.

“2024 жылғы 26 тамызда орталықта мәдени ұйымдастырушы болып қызмет ететін А қария Б-ның дәрменсіз күйде екенін пайдаланып оның рұқсатынсыз видео түсіріп, таратып жіберген. Видеодағы науқас денсаулық жағдайына байланысты аурухана жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж адам ретінде орталыққа 2023 жылдың тамыз айында түскен. Әйел әлі күнге дейін "Шаңырақ" орталығында тұрады және осы уақытқа дейін бірде-бір шағымы болмаған”, – деп мәлімдеме жасады мекеме.

Орталықтың мәліметінше, науқасқа тамақ, емдік шаралар, киім-кешек және гигиеналық құралдар секілді арнаулы әлеуметтік қызметтер стандарттарға сәйкес тегін көрсетіледі.

“Өкінішке қарай, видео авторы арагідік қарияларды, оның ішінде тұлғалық ауытқулары бар науқастарды жеке мақсатта пайдаланып, оларды орталық қызметкерлеріне қарсы қойып жүреді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылығы тексеріс жүргізіп, науқаспен сөйлесті. Қария ешқандай шағымы жоғын және орталықтың қызметіне көңілі толатынын айтты”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ мекеме видео авторын жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартатынын ескертті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 4

Серіктес жаңалықтары