Қайғылы жағдайларды тергеу бойынша арнайы комиссиялар құрылды.
ШҚО-дағы Артемьев шахтасында бір жұмысшы қаза тапты. Оқыс оқиға 1 қыркүйекке қараған түні болды. Қайғылы оқиғаға себеп - тастың құлауы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"1 қыркүйекке қараған түні Артемьев шахтасында тастың құлауы салдарынан мердігер ұйымының үңгушісі жарақат алып, қайтыс болды. Қайғылы жағдайларды тергеу бойынша арнайы комиссиялар құрылды", деп хабарлады KAZ Minerals тобы.Айта кетсек, бір күн бұрын, яғни 2024 жылы 31 тамызда шамамен сағат 17.30-да ШҚО-дағы Ертіс шахтасында төрт жұмысшы қаза тапты. Марқұмның екеуі аталған шахта жұмысшылары, тағы екеуі мердігер ұйымнан болып табылады. Апаттың алдын ала себебі - газбен улану. Сондай-ақ зардап шеккен тағы бір жұмысшы ауруханада жатыр, деп жазады Zakon.kz.
KAZ Minerals тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук осы жазатайым оқиғаларды тергеуге қатысу үшін өңірге барды. Компания басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады.
Сондай-ақ компанияның зардап шеккен отбасыларға жан-жақты көмек көрсететіні де айтылады.