$ 494.87  520.65  4.91

«Газ жоқ»: Үкімет өңірлерде газ тапшылығын болдырмас үшін не істемек?

Оның айтуынша, қазір басқарма Энергетика министрлігіне облысқа ай сайын кемінде 5 мың тонна қосымша газ бөлу туралы ұсыныс дайындап жатыр.

Фото: Almaty.tv
Фото: Almaty.tv

Қазақстанның бірқатар өңірінде газ тапшылығы байқалады. Тіпті газдың жетіспеуіне байланысты кейбір автобекеттерде шу шыққан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстан газдың ресурстық базасын арттыру үшін не істемек?

Экономика қарқыны артқан сайын көгілдір отын көзіне де қажеттілік туындап отыр. Еліміздің газ саласын дамытуда күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралған Үкімет отырысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндама жасады.

С. Жаркешовтің айтуынша, елімізде соңғы жылдары газ саласының потенциалы артып келеді. Экономика қарқынды дамып, карбонсыздандыру мәселесі күн тәртібіне шыққан уақытта, газдың да өзектілігі артуда.

Осы орайда, QazaqGazдың 12 бағыттан тұратын кешенді стратегиясы әзірленіп, жұмыс барысына енгізілген.

«Былтыр Мемлекет басшысы, Үкімет, Энергетика министрлігі және Самұрық-Қазына қорының қолдауымен газ транзиті мен экспорты бағытында маңызды келісімдерге келдік. Газдың ресурстық базасын арттыру жолында қарқынды жұмыс жасалып жатыр. Соның арқасында, алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымындағы газ тапшылығы мәселесі жойылды. Әлсіз топтарға жүктеме түсірмей, әлеуметтік-әділ баға реформасын сатылай енгізу жұмысы жалғасады», — деп атап өтті баяндамасында С.  Жәркешов.

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушылардан газдың жаңа көлемін сатып алу бағасына ынталандыру формуласы жасалған. Мұндай қадамдар саланы анағұрлым тиімді етеді.

Газ тасымалдау жүйесіндегі 3 мыңнан астам ақау жойылды

Бұл тұрғыда, ешқандай қиындыққа қарамастан халықты газбен үздіксіз қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Соңғы екі жылда газ тасымалдау жүйесіндегі 3 мыңнан астам ақау жойылды. Тиісінше, еліміздің газ тасымалдау жүйесі нығайтылды.

Айта кету керек, QazaqGaz компаниясы 2023 жылы газ тасымалдау жүйесін өз қаражаты есебінен жаңғыртып, 400 млрд теңгеден астам қаражатқа инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырған.

«Республика бойынша әкімдіктер салған газ объектілерін қабылдау мәселелерінің көбісі шешілді. Бір жарым жылда еліміздің 14 өңірінде газбен жабдықтау жүйесіне 127 елді-мекен қосылды, яғни 237 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізді. Осы жылдың екінші жартыжылдығында қосымша 68 елді-мекенге газ жүргізіліп, тағы да 276 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етіледі», — деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.

Сондай-ақ жыл сайын компания ішкі нарық үшін газ бағасын орташа алғанда 200 млрд теңгеге субсидиялап отыр.

Көктемгі тасқын су кезінде Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында газ тасымалдау жүйесінің жұмысы үздіксіз қамтамасыз етілді. Компания тасқын сумен күреске өз есебінен 2,1 млрд теңге жіберді. Қыруар техника мен қызметкерлер жұмылдырылды.

«Газпроммен Өзбекстанға тарихта бірінші рет реверсті режимде газ транзиті бойынша келісімді жүзеге асырдық. Елімізге ресей газын ұзақ мерзімді импорт бойынша келіссөздер жалғасуда. Сондай-ақ CNPC/PetroChina компаниясымен 2023-2026 жылдарға арналған жаңа экспорттық келісім-шартқа қол қойдық. QazaqGaz табиғи газдың экспорты мен транзиті бойынша өз міндеттерін толық көлемде орындап жатыр», — деп мәлімдеді С. Жаркешов.

Сонымен қатар Chevron компаниясымен Ақтөбе облысының КТ-III учаскесінде (Жәлібек) геологиялық барлау жүргізу бойынша келісімге қол қойылды. Бұл жерде келісім 100% carry-қаржыландыру шартымен жүзеге асырылады. Инвестор геологиялық барлау сатысында барлық шығындар мен тәуекелдерді өз мойнына алады. Бұл еліміз үшін тиімді. Бұл тұрғыда елімізде ірі газ немесе газ конденсатты кен орны ашылады деп күтілуде.

Одан бөлек, Қатар мемлекетімен құны 11 млрд долларды құрайтын бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша үкіметаралық келісімге қол қойылды. Олар: «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының 2-ші тармағы, Қашағандағы газ өңдеу зауыттары және Ақтөбе-Қостанай газ құбыры жобалары.

Түркиялық инвестормен бірлесіп, құны $1,35 млрд құрайтын карбамид зауытының құрылысы жоспарланған.

Жамбыл облысында жаңа Анабай газ кен орны пайдалануға берілді.

Сондай-ақ Қашаған кен орнынан сұйытылған газ терминалын салу құрылысы жобасы басталды. Басты мақсат – 2025-2026 жылдардан бастап, ішкі нарықтағы дефицитті төмендету.

«Ұлттық компанияның қарызы 47 % төмендетілді. «QazaqGaz ҒТО» Ғылыми-техникалық орталығы құрылды. Сәтпаев Университеті мен ҚБТУ университетінің газ мамандығына оқитын үздік студенттеріне стипендия тағайындалды. Халықаралық Morningstar Sustainalytics агенттігі QazaqGaz ұлттық компаниясына алғаш рет 19,2 деңгейінде ESG-тәуекел рейтингін берді. Бұл Қазақстанда ең жоғары көрсеткіш саналады. Әлем бойынша халықаралық газ компаниялары арасында 7-ші орынға тұрақтадық», — деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Былтыр кәсіпорын өз бюджетінен 400 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асырды. Олар:

- «Сарша елді-мекені мен «Жылы жағажай» курорттық аймағын газдандыру жобасы;

- «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының лупингі» жобасы;

- Маңғыстау облысында «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының 2-ші тармағы;

- Алматы облысында жылу электр орталықтарына газ инфрақұрылымы жүргізілді;

-«Талдықорған-Үшарал» газ құбыры мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының 2-ші тармағының құрылысының басталуы.

QazaqGaz-дың геологиялық барлау жұмыстары портфелінің учаскелері үшін инвесторлар тартылуда, отандық бизнес тарапынан газ саласына қызығушылық байқалып отыр.

«Газ саласы реформасының әрі қарай жүзеге асырылуы өте маңызды. Саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру жолында да біраз жұмыс жасалып жатыр. Нақты инвесторлар да бар», — деді С. Жаркешов.

Мемлекет басшысының еліміздің ішкі жалпы өнімін әлдеқайда ұлғайту тапсырмасын орындау жолында газ саласы ірі драйверге айналуы тиіс. Саланың потенциалын одан әрі ашу үшін нақты жұмыстар атқарылмақ.

«Ашығын айту керек, жылдар бойы жиналып қалған жүйелі проблемалар бар. Оларды шешу жолында жұмыс жасап жатырмыз», — деді компания басшысы.

Түркістанның бекеттерінде «газ жоқ» деген жазу бар

Ал сұйытылған мұнай газдарының тапшылығы Түркістан облысында 15%-ды құрайды. Қазақстанның Түркістан облысында жанармай құю бекеттерінде сұйытылған газ барлығына жетпейді. Анықталғандай, кейбір бекеттерде «газ жоқ» деген жазу бар, басқа жанармай құю станциялары сұйытылған пропан-бутанды талон арқылы сатады.

Елдің Энергетика министрлігі бұл жағдайды СКГ жеткізілімінің азайып, газбен жүретін көліктердің көбейгенімен түсіндіреді. Түркістан облысына 11 949 тонна автокөлік газы бөлінсе, Шымкентте айына 7 686 тонна СМГ қажет болса, 6565 тонна ғана тапшылық 15 пайызға жуықтады.

Еске салайық, Қазақстан үшін СМГ әлеуметтік маңызы бар жанар-жағармай түрі болып табылады. Ол мотор отыны ретінде белсенді қолданылады. Бензин мен дизельге қарағанда арзан болғандықтан, елімізде газбен жүретін көліктер саны жыл сайын белсенді түрде артып келеді. Мысалы, 2023 жылдың өзінде олардың саны 18%-ға өсті.

Шілде айында қазақстандық БАҚ Қазақстанның СМГ-ға қажеттілігі шамамен 25%-ға қанағаттандырылмағанын хабарлады. Бұл арада үкімет газ бағасын түсінуге батылы бармайды, өйткені 2022 жылдың қаңтарында автокөлік газының бағасының ырықтандыру және кейіннен көтерілуі елде үлкен тәртіпсіздікке ұласып, әлеуметтік наразылық тудырғаны бәрінің есінде.

Таразда газ бекеттерінен шу шықты

Қаладағы сұйық отын талонмен беріліп жатыр.

Тараздық жүргізушілер автогазды қала сыртынан іздеп жүр. Қала ішіндегі жанармай бекеттерінде сұйық отын арнайы талонмен ғана сатылып жатыр, деп жазды Almaty.tv.

Таразда сұйық отынның тапшылығы 1 айдан бері сезіліп келеді. Сондықтан автокөлік иелері таңмен таласып автогазға кезекке тұруды әдетке айналдырған. Бірақ газ бәріне бірдей жете бермейді. Салдарынан бекеттер алды жанжал орнына айналған.

«Сен неге маған құймайсың?» деп ұрып кетеді. Бізде  де талап бар. Газ түске дейін бітіп қалып жатыр», – деді автогаз бекетінің операторы Серік Салықбаев.

Қаладағы сұйық отын талонмен беріліп жатыр. Басым көпшілігінде күндік норма бекітілген. Сондықтан шаһарды шарлап газ таппаған жүргізушілер қала сыртындағы бекеттерге баруға мәжбүр.

«Бір жарым сағаттан бері тұрмын. Басқа жерде жоқ, талонмен береді немесе лимит қойылады. Тек осында газ болса, құйып беріп жатыр», – деді көлік жүргізушісі Қадірбек Орынбасар.

Жамбыл облысына сұйытылған көгілдір отын Ақтөбе және Петропавлдағы компаниялардан келеді. Мәселеге қатысты мәлімдеме жасаған елдің Энергетика министрлігі «зауыттар бекітілген кестеге сай, кезекпен жөндеуге тоқтатылады. Сондықтан жаз мезгілінде газ тапшылығы туындады» деді. Аймаққа қосымша автогаз берілмек. Бірақ облыстық жауапты басқарма мамандарының айтуынша, бұл негізгі мәселені шешпейді.

«Облысқа 5600 тонна газ бөлінген, бірақ бұл мөлшер өңірді толық қамтамасыз ете алмайды. Себебі ай сайын 8000-8500 тонна газ керек. Салалық министрлікке қосымша газдың көлемін арттыру үшін хат жолдадық», – деді Жамбыл облысы Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Қазбек Қыдыров.

Жамбыл облысында жыл санап газбен жүретін көлік саны артып келеді. 2022 жылы 21 мың көлік болса, былтыр бұл көрсеткіш 30 мыңға жуықтаған. Сол себепті өндіріс көлемін ұлғайту керек. Ал мәселені түбегейлі шешуге жаңа мұнай-өңдеу зауытын салу ғана сеп болмақ.

Ақтөбе облысында неліктен газ тапшы болды?

Ақтөбе облысында жыл сайын шілде-тамыз айларында сұйытылған газға сұраныс артады. Оған басты себеп — көліктердің көбеюі мен бөлінетін газ қорының жеткіліксіздігі.

Baq.kz-тің мәліметінше, такси жүргізушісі Айдын Мұқат өткен аптада қалада газ тапшылығы байқалғанын айтады. Себебі ол бекетте кезекте ұзақ уақыт тұрған.

«Заречныйға барар жолдағы бекетте бір сәтте-ақ көлік көбейіп, ұзын-сонар кезек пайда болды. Жүргізушілер жиналып, бекет кассирінен сұрап едік, «газ жетпей жатыр» деді. Өкінішке қарай, жыл сайын қалада газ тапшылығы қалыпты жағдайға айналып барады. Білмеймін, көлік көп пе, әлде газдың қоры аз ба? Түсінбедік», — дейді ол.  

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, өңірде 56 480 көлік газбен жүреді. Сондай-ақ ай сайын 25 мың транзиттік көлік облыс арқылы өтеді. Осы себептен облыста сұйытылған газға деген қажеттілік 16 800 тоннаға жетіп отыр. Алайда өңірге бөлінетін газ қоры қажеттіліктің 66%-ын ғана жабады.

«Энергетика министрлігі газ қорын бөлгенде транзиттік көлікті есепке алмайды. Сол себепті жыл сайын жазғы кезеңде өңірде газ тапшылығы байқалады. Мәселен, министрлік шілде айына облысқа 10 960 тонна газ бөлді. Алайда бұл жеткіліксіз», — дейді А.Салықбаев.

Оның айтуынша, қазір басқарма Энергетика министрлігіне облысқа ай сайын кемінде 5 мың тонна қосымша газ бөлу туралы ұсыныс дайындап жатыр.

Сондай-ақ бұл мәселені жою үшін басқарма Маңғыстау облысының газды бөлудегі тәжірибесін Ақтөбе өңірінде де қолдануды мақсат етіп отыр. Оған мысал, өңірде зауыттардың газ өндіру көлеміне қарамастан Маңғыстау облысы айына 16 мың тонна газ алып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары