05.09.2024, 23:30

Сүйінші! Ақмарал Науатбек Паралимпиада ойындарында алтын жүлдегер атанды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстандық спортшы финалда Франция өкілі Сандрина Мартинеден басым түсті.

Пара дзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде (J2 санаты) белдескен Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиадасының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Отандасымыз финалда Франция өкілі Сандрина Мартинеден басым түсті. Нәтижесінде алтын жүлдеге ие болды.

Ақмарал Париж татамиінің жартылай финалында түркиялық Джахиде Екені, ширек финалда үндістандық Кокиланы иппонмен жеңген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбекті құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

“Ақмарал Науатбекті Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Сіз ел мерейін асырып, спорт жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйладыңыз. Қажырлы еңбек пен қайтпас қайсарлықтың арқасында ең мықты қарсыластарыңыздан басым түстіңіз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын!”, – деп жазды Президент өзінің Х әлеуметтік желідегі парақшасында.