16.09.2024, 06:30

«Қызы ұзатылғанда кейбір аналар өтірік жылайды»: Белгілі асаба халықтан сөз естіді (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Оның айтуынша қыз баланы шын жақсы көретін өз әкесі.

Өзін азулы асаба, той эксперті деп таныстыратын Берік Жорабаев ұзату тойда кей аналар өтірік жылайтынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша қыз баланы шын жақсы көретін өз әкесі.

«Қызын ұзатқанда шынайы жылайтындар ол — әкелер. Ал кейбір аналар өтірік жылайды. Бұл сөзім үшін ренжімеңіздер. Бірақ мен оны тойда өз көзіммен көргем. Анасы қатты жылап ешкім оны жұбата алмай жүр. Сол кезде барып биші қыздардың ақшасын төлеу керегін айттым. Анасы көзінің жасын сүртті де есептесуге кірісті. Бұл арқылы мен аналарды төмендетіп тұрған жоқпын. Әке мен қыздың арасындағы үлкен махаббатты айтып тұрмын. Әке — Алатаудай асқар, Қаратаудай қайсар, Бәйтеректей биік дейді ғой. Әке мен қызының арасындағыдай махаббат ешкімде жоқ», — деді асаба.

Ал желі қолданушылары асабаның бұл сөзімен келіспейтіндерін айтты.

«Не айтып отырсыз? Бірінші ана болып алыңыз!», «Бишілердің ақшасын неге әкесінен сұрамадың?», «Әке дайын тойда жүреді, ананың мойнында тойдың бар қамы тұрады», «Қазіргі уақытта қызына нағыз қамқор әкелер аз! Әйел қырық жанды», «Мына айтып тұрған сөзіңіз мүлдем дұрыс емес», «Сіз қайдан білесіз? Бәрі іште болады», деп жазды халық.