Оқу орындары әкімшілігі жағынан студенттік спортты дамытуға және жастардың жарыстарға қатысуына мотивация төмен деңгейде.
Депутат Дәулет Тұрлыханов Мәжілістің жалпы отырысында спорт саласындағы кемшіліктерді жіпке тізді. Оның айтуынша, Қазақстанда балалармен және жастармен жұмыс істейтін білікті мамандар мен жаттықтырушылар тапшы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Парижде өткен Олимпиаданың нәтижелері қазақстандық спорттағы елеулі проблемаларды көрсетті. Жалпы, жастар арасында білім беру мекемелерінде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға арналған материалдық-техникалық базаның әлсіздігі байқалып отыр. Бұл жағдай бұқаралық спортты дамыту мүмкіндігін шектейді. Оқу орындары әкімшілігі жағынан студенттік спортты дамытуға және жастардың жарыстарға қатысуына мотивация төмен деңгейде. Әсіресе, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жеткіліксіз. Балалармен және жастармен жұмыс істейтін білікті мамандар мен жаттықтырушылар тапшы. Өңірлік деңгейден бастап спорттағы жоғары жетістіктер сабақтастығының әлсіз жүйесін де атап өткен жөн. Мұнымен қоса, өңірлерде олимпиадалық спорт түрлерін дамытудың төмен деңгейі көрініп тұр. Сондықтан Қазақстандық спортқа маңызды реформалар қажет. Спортты дамытудың 2025-2028 жылдарға арналған бағдарламасын және 2032 жылға дейінгі Даму стратегиясын бекітуді ұсынамыз», - деді Д. Тұрлыханов Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.