23.09.2024, 16:20

Балабақшада істейтін бухгалтер қарыздарын жабу үшін 15 млн теңге ұрлаған

Фото: NewTimes.kz

Сотталушы сотта бұл қылмысқа қарызын өтеу мақсатында барғанын түсіндірген. 

Балабақша бухгалтері қызмет бабын пайдалана отырып, өзіне сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын ұрлаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бухгалтер 2021-2023 жылдары жалақысына коэффициентті қолдан өсіріп, банктегі шотына жалпы сомасы 15 миллионнан теңгеден аса ақша аударған.

Сотталушының кінәсі оның мойындауымен, куәнің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, төлем құжаттарымен, сотта зерттелген тергеу және жасырын тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен расталды.

Күдіктінің шынайы өкінуі, келтірілген зиянды толық өтеуі және асырауында үш кәмелетке толмаған бала болуы жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп танылған.

"Сотталушы ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан және 10 жылға мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда тауарлық-материалдық құндылықтарға билік етуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. ҚК-нің 63-бабына сүйене отырып, пробациялық бақылау белгіленіп, тағайындалған жаза шартты деп есептеледі", - деп жазылған Жоғарғы сот мәліметінде.

Үкім заңды күшіне енді.