$ 479.23  534.96  5.16

Түркістан облысында мектеп оқушысы зорлық жасаған адамнан бала босанған

Түркістан облысындағы орталық мектеп психологтарымен жұмысты бастап, әкімдік орталық жұмысын ұйымдастыруды жеделдетуі қажет. 

Фото: freepik
Фото: freepik

Бала құқықтарын жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Түркістан облысында 13 жасар қыз зорланып, артынша бала туғанын, сондай-ақ тағы бір 15 жасар қыз зорлықшыдан жүкті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Уәкіл Динара Зәкиева Сарыағаш ауданындағы ауылдық мектепке жүргізілген сауалнамада балалар қорқыту мен бопсалауға ұшырағанын жазған.

“Сол мектепте көктемде бір бала өз-өзіне қол жұмсаған және 15 жасар қызды зорлау салдарынан жүкті болған. Екі оқушы да психологтарға салып берген суреттерінде өздерін нашар сезінетінін білдірген. Алайда бұған ешкім жеткілікті мән бермеген. Әлеуметтік, қорғаншылық қызметкерлерімен немесе кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекциямен бірлесіп жұмыс жасалмаған. Олар сурет арқылы көмек сұраған. Алайда ешкім құлақ аспаған, мән бермеген”, – деп жазды Зәкиева Facebook парақшасында. 

Зәкиеваның сөзінше, Төлеби ауданындағы ауылдық мектепте бір сыныптың төрт баласы өздерін таяқпен ұрып-соққанын, үйде зәбір көргенін жазған. Алайда психологтар мен мектеп әкімшілігі бұл туралы уәкілетті органдарға хабарламаған. 

Сайрам ауданындағы мектепте бойжеткен өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Алайда денсаулық сақтау қызметі мен психиатрларды тарту сынды жұмыстар жүргізбеген. 

“Бұл мәселелерді тамыз айында ашылған психологиялық қолдау орталығының басшысына көрсеттік. Бұл орталықтар барлық облыстарда ашылды. Түркістан облысындағы орталық мектеп психологтарымен жұмысты бастап, әкімдік орталық жұмысын ұйымдастыруды жеделдетуі қажет. Қазіргі уақытта полиция екі факті бойынша іс қозғап жатыр. Сондай-ақ білім сапасы департаменті есеп бермегені және жауап бермегені үшін мектеп басшылығын жауапқа тартуы керек деп есептеймін”, – дейді ол. 

Сонымен бірге, Зәкиева қамқоршылық органдары, комиссия және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияны тексеру барысында анықталған жағдайларға тоқталды:

  • Түркістанда мүгедек баланы анасы базарға қалдырып, қайыр сұрауға мәжбүрлеген;
  • Ленгер қаласында 10 бала антисанитарлық және қауіпті жағдайда тұрады. Көршілердің айтуынша, анасы ішімдік ішеді. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары бұл отбасына төрт кішкентай баласы болса да бармаған. Балалар суық үй ішінде, жарықсыз, тамақсыз тұрып келген;
  • Келес ауданында зорлау салдарынан 13 жасында сәби босанған қыз жыл басынан бері мектепке бармайды. Мектеп директорының орынбасары хабардар болса да, ешқандай шара қолданбай, істі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға тапсырмаған. 

“Сондықтан қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің стандартты санын – бес мың балаға бір қызметкер түріне сәйкестендіру қажет. Мысалы, қазір Сарыағаш ауданында 58 мың балаға бір қызметкер жұмыс істейді. Қызметкердің өзі уақыты жоқ екенін, не істерін білмей отырғанын айтты. Ал әрбір баланың құқығын қорғап, жүзеге асыру керек. Жоғарыда аталған жағдайлардың соңы қайғымен аяқталуы мүмкін. Алайда мұнымен ешкім айналысқысы келмейді”, – дейді уәкіл. 

Сондай-ақ уәкіл 82 білім беру мекемесін аралады. Оның ішінде мектеп-интернаттар, спорт мекемелері мен кешкі мектептер бар. Мәселен, Батырбек Өтеп атындағы мамандандырылған өнер мектеп-интернатында 200 балаға үш қана жуынатын орын бар. Балалар жуыну үшін сағат 4:00-де тұруы керек.

“Саран ауданындағы №6 негізгі орта мектеп-интернатта, Отырар ауданындағы №4 Жәнібеков атындағы мектеп-интернатта, Келес ауданындағы №57 Жангелдин атындағы мектеп-интернат пен С. Ерубаев атындағы мектеп-интернатта балалардың жағдайы сұмдық. Олармен сөйлескенімде, осы интернаттардың бірінің оқушылары тамақ ішпейтінін айтты. Тексерулерден кейін балалар мекемеде  дәретхана қағазы немесе сабынның ешқашан болмағанын айтты. Мекеме бұл заттармен тексеру алдында ғана қамтамасыз етіпті. Қалған уақытта қағаз бен сабынды мүлде қоймайды екен. Бұл фактілер облыстағы барлық мектеп-интернаттарға кешенді тәуелсіз аудит жүргізу қажеттігін көрсетеді”, – дейді Зәкиева.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, облыс мектептерінде дәретханалардың бәрі мекеме ішінде орналасқан. Дегенмен, Зәкиеваның айтуынша, бүкіл мектеп пен мектеп-интернатта балалар сырттағы дәретханаларды қолданады екен. Ал ол әжетханалардың жағдайы мүшкіл дейді.

“Ішкі дәретхананың кілттері директорда сақталады екен. Сондықтан дәретхана тек оның рұқсатымен  қолданылады дейді. Осы жағдайлар  бойынша облыс әкімдігі жұмысты бастап кетті”, – деді Зәкиева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары