$ 494.87  520.65  4.91

Астананың іргесіндегі ауыл тұрғындары жалақыларын ала алмай жүр

Астана іргесіндегі Софиевка ауылының тұрғындары бірнеше айдан бері жалақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды 7 арна.

Астана іргесіндегі Софиевка елді мекенінде «жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша кәсіп тапқан жұртшылық жалақыдан қағылып отыр. Жергілікті бала бақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген жиырмадан астам құрылысшы бірнеше айдан бері табан ақы, маңдай терлерінің ақысын ала алмай сенделіп жүр.

Құрылысы орта жолда тұралап қалған балабақшаны күзетіп отырған мына жұрт осы нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс мердігерді аңдып жүр. Жалақыларын ала алмай жүргендеріне жарты жыл болыпты. Жұмысшылардың сөзінше, жиырма шақты адам сан соғып қалған.

— «Син Эс» фирмасының бас директоры Руды Элена айтады, білім бөлімі мынаған ақша жібермей жатыр дейді. Ал білім бөліміне хабарлассақ, біз әлі шешім қабылдағамыз жоқ деп. Облыс беріпті. Міне үш ай болды бергеніне, — дейді ауыл тұрғыны Асылбай Райысов.

Мердігер мекеме басшысының тақырға отырғызып кеткендігін кеш ұққан ауыл жұртшылығы мәселеге араласуын өтініп жергілікті әкімге де барған. Ал мұндағы шенеунік «құрылыстың құрдымға кететіндігін әу баста-ақ білгенмін» деп отыр. Тіпті осы іске өзі араласып, мердігер мекемеге де, аудандық білім бөлімі басшысына да хат жолдапты. Алайда заң негізінде мәселеге араласуға құқығы жоқ әкімге серіктестік басшысы қатаң ескерту жасапты.

— Мен осылай болатынын білгенмін. Себебі фирманың құрылыс жүргізгені ұнамады. Мердігер фирма басшысына айтып едім «кәсіпкерлердің жұмысына кедергі жасағаның үшін мен сенің үстіңнен прокуратураға арыз түсіремін. Араласпа» деді. Сосын ештеме істей алмай отырмын, — дейді ауыл әкімі Валерий Горбуля.

Шулы мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін осы нысанның құрылысына жауапты Целиноград аудандық білім бөліміне де хабарласқан болатынбыз. Ондағы шенеуніктердің айтуынша, ғимаратты қалыпқа келтіру үшін 132 млн. теңге бөлінген екен. Оның 83 млн.-ы игеріліп, қалғаны ел қазынасына кері қайтарылыпты. Аудандық білім бөлімінің басшысы телефон арқылы берген сұхбатында «жұмысшылардың жалақысын төлеуге біз емес, мердігер мекеме жауапты» деп қысқа қайырды. Ол аздай нысанның құрылысын аяқтау үшін биыл тағы да қомақты қаржы бөлінгендігін айтты.

Осылайша құрылысы өткен жылдың соңында аяқталуы тиіс болған «Колосок» балабақшасының әлі күнге дейін кетеуі кетіп тұр. Ал жұмысшылар болса, алашағын кімнен сұрарын білмей отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары