АЭС салуға қатысты азаматтардың 69,8%-ы «иә» десе, 30,2%-ы «жоқ» деп дауыс берді.
АЭС бойынша референдум: «СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институтының exit-poll мәліметтері жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«СОЦИС-А» «Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» ЖҚ жүргізген exit-poll нәтижелері бойынша сауалнамаға қатысқандардың 69,8%-ы Қазақстанда АЭС салуға дауыс берді және азаматтардың 30,2%-ы келіспейді. ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында «Социс – А» институтының талдаушысы Әлібек Тәжібаев осындай мәліметтерді жариялады.
«Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» жеке қоры «Хабар» Агенттігі» АҚ тапсырысы бойынша 2024 жылғы 6 қазанда Республикалық референдум өткізілген күні дауыс беруге арналған учаскелерден шығуда exit-poll әдістемесі бойынша азаматтардың ерік білдіру нәтижелерінің алдын ала есебін жүргізді.
Әлібек Тәжібаевтың айтуынша, үздіксіз ағын әдістемесінің көмегімен Қазақстан Республикасының 189 учаскесінде дауыс берген 283 519 азамат қамтылды. Олардан референдум аясында қойылған «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» сұрағына қалай жауап бергені сұралды.
«Exit-poll қорытындысы мынадай: Дауыс беруге қатысқан сауалнамаға қатысқан азаматтар санының 69,8%-ы АЭС құрылысын «қолдап» дауыс бергендерін мәлімдеді. Сауалнамаға қатысушылардың 30,2%-ы өздерінің келіспейтіндерін айтқан. Учаскелерге келу көрсеткіші 67,3% деңгейінде тіркелді. Деректердің қателігі - ± 1,5% құрайды», - деді Әлібек Тәжібаев.