$ 494.87  520.65  4.91

«Ұлымды көз алымда көкала қойдай етіп сабады»: Талғарда 16 жастағы оқушының өліміне қатысты тың деректер айтылды

Ол жерде пышақ, тіпті мылтық болған.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Алматы облысының Талғар ауданында бір топ адам ата-анасының көзінше 16 жастағы баланы пышақтап өлтірген. Әлеуметтік желіге тараған ақпаратқа қарағанда, ер адам дүкеннен алған затының ақшасын төлемеген. Дүкен иелері сыраның ақшасын төлеуді талап еткенде, сырттан бір топ адам келіп дүкенннің иелерін соққыға жыққан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

КТК арнасының хабарлауынша, түні дүкенде үйдің отағасы келушілерге қызмет көрсеткен. Туыстарының айтуынша, ер адам сауда нүктесіне бір құты сыра ішуге келген, бірақ ол үшін ақша төлегісі келмеген, сөйтіп жанжал шығарған. 16 жастағы Шерзат пен оның ағасы әкесін жақтап, келушіден кетуін сұраған. Бірақ ол шу шығарып, достарына қоңырау шалып, дүкенге үш көлік келеді.

«Ұлым маған қоңырау шалып, әкесі мен ағасын ұрып-соғып жатқанын айтты. Бірден дүкенге жүгірдім. Бірақ мен жеткенше ұлым мен күйеуімнің ағасын соққыға жыққан. Күйеуім пышақ ұстаған адамды ол жерден алып кеткен. Оны қаруланған деп қорыққан. Бірақ ол жердегілердің барлығында пышақ, тіпті мылтық болған екен. Ұлымды көз алымда көкала қойдай етіп сабады. Оның қансырап жатқанын көрдім», — деді жігіттің анасы Гүлбара Бишембиева.

Қайтыс болған жасөспірімнің анасы төбелес шығарғандар ұлы мен қайын ағасын ұрып-соғып, кейін пышақтағанын айтады. Туыстары зардап шеккендерді ауруханаға апарған. Бірақ ол жерде жасөспірім көз жұмды.

«Шерзаттың әкесі тек келушіден тауар үшін ақша төлеуін сұраған. Бұл дұрыс қой. Келген адам неге оларға тиісіп, төбелес шығарып, біреулерге қоңырау шалады? 15-20-дан адам келді. Олардың арасында үш-төрт қыз болды. Барлығы жас, бірақ хайуан сияқты әрекет жасады. Мылтықтары мен пышақтары болған», — деді көз жұмған жігіттің туысы Күләш Римова.

Бүгін оқушының денесін үйіне әкелді. Шерзат бес баланың ең үлкені еді. 10-сыныпта оқып жүрген жасөспірім әскери училищеге түсуге дайындалып жүрген.

«Өте мейірімді және ашық-жарқын бала еді. Ешқашан ешкіммен қақтығысқан емес. Барлығына құрметпен қарайтын. Түнде ол төбелескісі келмегеніне сенімдімін. Физикалық тұрғыдан мықты болған және кез келген адамға қарсы тұра алатын. Бірақ олардың саны тым көп болды», — деді туысы Бақыт Римова.

Туыстары күдіктілер жергілікті тұрғындар дейді. Олардың барлығы бір ауылда тұрған, бірақ жеке таныс болмаған. Төбелеске қатысушылардың бәрі ұсталды.

«Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — деді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Мәлік Қабдуалиев.

Төбелеске қатысқан Шерзаттың ағасына үш рет пышақ салғаны белгілі болды. Қазір ер адам ауруханада ем қабылдап жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 26

Серіктес жаңалықтары