$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысында директор туыстарымен бірге заң бұзған

Филиал директорының міндетін атқарушы жақын туыстарымен бірге жұмыс істеуге жол бермеу туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада белгіленген талапты сақтамаған.

Фото: sputnik.kz
Фото: sputnik.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша ведомство су ресурстарын басқарудағы заң бұзушылықтармен, судың «көлеңкелі» нарығымен және су саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы күресті жалғастыруда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, нәтижесінде су ресурстарын заңсыз және тиімсіз пайдалану, мемлекеттік сатып алуға байланысты заң бұзушылықтар анықталды.

1. Алматы облысының Күрті ауданында шаруа қожалықтарының суармалы суды жергілікті «Қазсушар» филиалымен келісімшартқа отырмай пайдаланғандары анықталды. Атап айтқанда, 100 га егіс алқабын суару үшін суды заңсыз алған.

2. Сондай-ақ, кейбір гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты каналда қосымша су шығыны анықталды. Яғни филиал басшылығының нысандардың техникалық жай-күйіне жеткіліксіз бақылау жүргізуіне байланысты су ресурстарын тиімсіз пайдалану және есебін жүргізу оқиғалары тіркелді.

3. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуда заң бұзу фактілері анықталды. Филиал заңды және ішкі нормативтік құжаттарды бұза отырып, бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы 7 келісімшарт жасасқан. Осыған дейін 2023 жылғы шілдеде жалпы сомасы 17,5 млн теңгеге Сол жағалау магистральды каналының жер бөлігін механикалық тазалау қызметін көрсетуге осындай тәсілмен шарт жасалған. Яғни заң бұзушылық жүйелі түрде қайталанған.

4. Филиал директорының міндетін атқарушы жақын туыстарымен бірге жұмыс істеуге жол бермеу туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада белгіленген талапты сақтамаған.

"Тексеріс қорытындысы бойынша барлық анықталған құқық бұзушылықтардың жалпы сомасы шамамен 20 млн теңгені құрады. Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша материалдар тиісті уәкілетті органдарға жіберілді. 3 құқық бұзушылық фактісі бойынша филиал директорының міндетін атқарушы тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Айта кету керек, директордың м.а. осыған дейін де бірнеше мәрте ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылған", - делінген хабарламада.

Облыстық филиалға кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді.

«Қазсушардың» басқа да облыстардағы филиалдары тексерістен өтеді. Айта кету керек, судың «көлеңкелі» нарығымен тиімді күресу үшін министрлік жанынан су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөнінде жаңа комитет құрылды.

Еске салсақ, осыған дейін Жоғары аудиторлық палата мен Су ресурстары және ирригация министрлігі бірлесіп жүргізген тексерістердің қорытындысы бойынша «Қазсушар» кәсіпорынының басшы лауазымындағы 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын. Ал Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті Жамбыл облысында суды заңсыз пайдаланудың 10 фактісін анықтады. Бүгінгі таңда филиал басшысы қызметінен босатылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары