12.10.2024, 11:30

ДДҰ дабыл қақты. Әлемге тағы бір індет төніп келеді

Фото:depositphotos.com

Қазақстанда қандай сақтық шаралары жүргізіліп жатыр?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) дабыл қағуда: Марбург вирусының жаңа пандемияға дейін өсу әлеуеті бар. Егер шынымен құрықталмай, әлемге тараса, оның зардабы "коронавирустен" де ауыр болуы мүмкін, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жаһандық ұйымның зәресін алып отырғаны вирус жұққан адамдардың 88%-ын өлтіріп тынады. Оған қарсы вакцина бірде-бір елде әзірге жоқ.

Бастапқыда бұл вирусқа Шығыс Африкадағы шамамен 13 миллиондай халқы бар Руанда мемлекетінің тұрғындары шалдыққан. Артынша оны Германия тұрғындары жұқтырған деген күдік туындады. Сырқаттардың бірі Бельгияға сапарлағаны анықталыпты.

Вирустың симптомдары Эболаны "имитациялайды": адамдарды кенеттен күшті безгек қысады. Бұлшық ет ауруын, қарында құрысу-спазма тудырады. Іш өту (диарею), қан құсу қатар жүретін көрінеді. Оның соңы науқастың өлімімен аяқталуы мүмкін.

Вирустың "Марбург" аталуы Германиямен байланысты: оның қоздырушысы алғаш рет 1967 жылы немістің осы аттас қаласында анықталды. Сонда орналасқан зертхананың бірнеше қызметкері сынақ-эксперимент жүргізілген жасыл маймылдармен контакті кезінде белгісіз бір вирусты жұқтырып алған екен. Маймылдар Марбург зертханасына африкалық тағы бір ел – Угандадан әкелінді.

Кейбір дереккөздер Марбург вирусы жуылмаған бананнан да жұғуы мүмкін екенін айтады.

Жұқпалы аурулар дәрігері Сергей Вознесенскийдің мәліметінше, қазір барлық өнім қауіпті вирустар мен бактерияларды анықтауға мүмкіндік беретін мұқият санитарлық бақылаудан өтіп жатыр.

"Бірақ қалай болғанда да, біз дүкеннен сатып алатын барлық жеміс пен көкөністерді тұтынар алдында сумен және кәдімгі сабынмен жуу керек. Бұл ұрықтың қабығында кенеттен болса, инфекция жұқтыру ықтималдығын азайтады", – деп түсіндірді маман.

Дәрігер Марбург вирусы жұқтырған адаммен немесе жануармен тығыз байланыста болған адамнан да жұғуы мүмкін.

Вирус қайдан тарайды?

Құзырлы органдар вирус жұқтырғандарды шұғыл түрде оқшаулап, қалада карантин жариялап, індеттің таралуының алдын ала алыпты. Содан кейін бұл вирус туралы 1975 жылға дейін ақпарат құралдарында ешқандай мәлімет жарияланбады. Сол жылы Марбург вирусы Африкадан ешқайда жоғалмағаны, Кенияда, ізінше Конгода індет ошақтары пайда болып жатқаны белгілі болды. Жұқтыру деректері 2017 жылы – Угандада, 2023 жылы – Танзанияда тіркелді.

Ең ірі ушығуы 2005 жылы Анголада болды: 200 анголалық сырқаттың 173-і жан тапсырды.

Вирус 60 жылдан астам уақыт өткеннен кейін Германияға қайта орала жаздады. Economic Times хабарлауынша, таяуда Гамбург қаласында өмірге қауіпті осы вирусты жұқтырды деген күдікпен екі адам медициналық тексеруге алынды. Оның біреуі – студент-медик бұған дейін Руандада, Марбург вирусына шалдыққан сырқаттарды емдеп жатқан ауруханада жұмыс істеген.

Марбург вирусына тән симптомдары пайда болып, сұрапыл безгек қысқан қос сырқат Гамбург қаласына жеткен пойыздың жолаушылары болған. Салдарынан, қала вокзалы, пойыз құрамы ішінара карантинге жабылды. Абырой болғанда, жүргізілген талдау-анализдер вирус барын растамады.

Bfm орыстілді радиосы Кенияда гид болып жұмыс істейтін экс-қазақстандық Александрға сөз берді. Бұл ел Руандамен шектеспейді. Бірақ іргелес Танзанияда, Угандада індет ошақтары болған.

Біз Руандадағы жағдайдың өрбу барысын мұқият бақылап отырмыз. Жаңалықтарда Марбург вирусының таралып жатқаны туралы ескертіп жатыр. Осы және басқа вирустар Эбола тобына жататыны айтылып жүр. Ендеше олар ковид сияқты ауамен берілмейді. Тек инфекцияланған адаммен тығыз байланыста, мысалы, қол алысқанда, басқасында жарасынан, жарақатынан шыққан қанмен, терімен, сілекейімен, басқа да бөліністермен беріледі, – деді Александр.

Вирус неге қауіпті?

Вирустың жұғу мүмкіндігі симптомдары пайда болған кезде күшейетін көрінеді. Салдарынан, дертке шалдыққандардың үлкен бір бөлігі – ауруханаларда пациенттерді күтіп-бағатын медициналық қызметкерлер.

Бұл ауру өте қауіпті болғандықтан, оның бой көрсеткені туралы алғашқы мәліметтер анықтала салысымен, жергілікті және халықаралық эпидемияға қарсы құрылымдар қатаң шаралар қабылдайды. Сырқаттарды ғана емес, олардың аралас-құралас болған ортасын, елді мекендерді оқшаулайды.

Дегенмен, вирустың Руандадан Еуропаға кетіп қалу ықтималдылығы карантин шараларында кінәраттың барын паш етсе керек. Оның үстіне кениялық гидтің айтуынша, Руанда – "Африкалық Швейцария" деп дәріптеледі. Қара құрлықтың өзге елдеріне қарағанда, Руандада өмір сүруге қажетті инфрақұрылым, соның ішінде медициналық ұйымдар біршама жақсы дамыған екен. Континенттегі "денсаулық сақтау инфрақұрылымы жетілген" деген мемлекет вирусты ауыздықтай алмаса, халықаралық қоғамдастықтың жағдайы қиын болмақ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) дүрлігіс туғызбау үшін әзірге Марбург безгегінің жаһандық қаупі төмен екендігін хабарлады. Бірақ жер-жаһанда жаңа пандемия тудыруға қабілетті екенін жоққа шығармады.

ДДҰ бағалауынша, Руандадағы Марбург вирусының қозуы ұлттық деңгейде – өте жоғары, өңірлік деңгейде – жоғары, ал, жаһандық деңгейде – төмен қауіп-қатер тудырып отыр, – деді ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Женевадағы брифингте.

Сонымен бір мезгілде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау министрлігі өзіне мүше елдерді, соның ішінде Қазақстанды жаңа жаһандық эпидемияның басталу қаупі туралы сақтандырды.

ДДҰ ажал себетін індеттің Руандада отыз шақты адамнан табылғанын дәлелдеді. Сырқаттармен контакті жасаған 300 адам табылмай жатқан көрінеді. Ұйым соның ішінде вирус жұқтыруы мүмкін кем дегенде бір адамның Руандадан кетіп қалғанын айтып, алаңдап отыр. ДДҰ мамандарын мазалайтыны, қазіргі кезде Марбург вирусы емделмейді және оған қарсы вакцина да жоқ.

Қазан айының басындағы жағдай бойынша Руанданың Денсаулық сақтау министрлігі елдің 30 ауданының жетеуінен, соның ішінде ел астанасынан вирус жұқтыру деректерін тапты. Жұқтырғандардың 70%-дан астамы – медициналық ұйымдардың қызметкерлері. Оның ішінде Кигалидегі ауруханалар бар.

Марбург вирусы геморрагиялық безгек туғызады, өзін жұқтырған жанның онының тоғызына дейінгісіз өлтіріп тастайды. Індет ауру адаммен тікелей контакт кезінде беріледі. Симптомдарына қызудың қатты жоғарылауы, қатты бас ауруы, әлсіздік, бұлшық еттердің ауыруы, іш өту-диарея, қарынның ауруы, жүрек айнуы және басқасы жатады.

"Берлинский телеграф" журналының бас редакторы Александр Бойко осы вирусқа қатысты Германияда дүрбелең болып жатқанын хабарлады.

Өйткені қазіргі кезде күз күшіне мініп, адамзатты көптеген аурулар меңдей бастады. Германияда жұртшылықтың арасында егде жастағылары көп болғандықтан, кез келген вирус қоғамның сол бөлігіне қатты соққы болады. Марбург вирусының симптомдарына қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қауіптенген адамдар өз бойынан ұқсас нышандарды тапса, ауруханаға жүгіреді, әзірге вирустың таралғаны расталмады, – деді ГФР тұрғыны А.Бойко.

2024 жылдың 10 қазанында Орталық бақылау орталығында өткен брифингте Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова жаңа қауіпті марбург вирусының елге әкелінуіне жол бермеу үшін не жасалып жатқанын айтты.

Сархат Бейсенова бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жарқанаттар арқылы адамға жұғатын жаңа қауіпті вирустың пайда болғанын хабарлағанын еске салды.

"Қазақстанда бұл вирусты жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ", — деп сендірді еліміздің бас дәрігері.

Оның айтуынша, бұл вирустың табиғи ошақтары оңтүстік, батыс және орталық Африка болып табылады. Бұл Оңтүстік Африка, Габон, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Либерия, Зимбабве, Гвинея, Кения және Руанда сияқты елдердің аумағы.

"Марбург ауыр ағымымен және жоғары өліммен, геморрагиялық синдроммен сипатталады. Бауырдың, асқазанның және орталық жүйке жүйесінің зақымдалуына әкеледі. Адамдар вирусты жарқанат және науқастан науқасқа жақын қарым-қатынас арқылы жұқтырады. Егер симптомдар туралы айтатын болсақ, ол жоғары температура, қатты бас ауруы, бұлшықет ауруымен сипатталады. Үшінші күні диарея, іштің ауыруы, жүрек айнуы пайда болады. 5-7 күнде көптеген науқастар ауыр геморрагиялық симптомды сезінеді — қан жоғалту. 8-9-шы күні өліммен аяқталатын жағдай орын алады. Бұған дейін ауыр қан жоғалту және есін жоғалту болады", — деді спикер.

Дәрігерлер бұл елдерге баратындардың барлығына сақтық шараларын сақтауды ұсынады.

Мамандар бұл вирус өте қауіпті дейді. Бүгінде оған қарсы вакцина да жоқ, дәрі-дәрмек те жоқ, емдеу симптоматикалық болады... Алғашқы белгілер пайда болған кезде дәрігерге қаралып, жеке бас гигиенасын сақтаңыз", – деп түйіндеді сөзін Сархат Бейсенова.

2024 жылдың 2 қазанында ДДҰ бүкіл планетада жаңа эпидемияның – емделмейтін Марбург вирусының "жоғары" қаупі туралы жариялады.