Оның жазасын бас бостандығынан айыруға байланысты мәселе қарастырылып жатыр.
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат тағы қыдырып жүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде Нұрасылдың туған күнде отырған видеосы тарады. Ал сот шешімі бойынша Тұрлыхановтың ұлы пробациялық бақылауда (уәкілетті органдардың сотталғандарға сот жүктеген міндеттерді орындауын және олардың мінез-құлқын бақылау).
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіндегілердің мәліметінше, Нұрасыл Болат бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүр және Алматы қаласының пробация қызметінде есепте тұрды.
"Пробациялық бақылауды бұзу фактісі бойынша сотталған адамға (Нұрасыл Болатқа) ескерту жасалды, жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселені шешу үшін сотқа материал дайындалып жатыр", – делінген комитеттің ресми жауабында.
Еске салайық, тамызда желіде Нұрасыл Болаттың үйінде пробациялық бақылауда болуы керек уақытында қаланы аралап жүргені түсірілген видео пайда болды. ҚАЖК ішкі тексерісті бастағаны туралы айтылған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда әскери қызметкер белгілі адвокатты соққыға жыққаны хабарланған. Бұл оқиға 11 ақпанға қараған түні Алматының сауда орталықтарының бірінің маңындағы паркингте болған. Іс қоғамдық дау тудырды.