Халық барсаң да ренжиді, бармасаң да ренжиді.
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров марқұм Шерзат Болаттың үйіне еке мобилографпен бармағанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
"Ол жерге депутат ретінде емес, азамат ретінде бардым. Өзім Алматы облысының азаматымын. Өңірде болып жатқан жағдайды басынан бастап біліп отырдым. Алматы облысының әкімшілігінен, Талғар ауданының ішкі істер департаментінен жағдайды сұрап, біліп отырдым. Соңында істің ушығып бара жатқанын көріп, әлеуметтік желіде айтылып жатқан қорқытулар болсын, халықтың кейбір сөздерін естіп, азамат ретінде барып көзбен көрейін деп шештім. Жағдайдың қалай болып жатқанын, Қаржаубай Нұрымовтың жағдайы қалай болып жатқанын білейін дедім", - деді депутат тілшілердің сауалына берген жауабында.
Айтуынша, қайғыдан қан жұтқан отбасыға көңіл айту мақсатымен барған.
"Дүкенге бардым. Болған оқиғаны көрдім. Екіншіден, өртенген үйге бардым. Ол жерде полиция қызметкерлері болды. Үйді қоршап, тексеріс жүргізіп жатты. Тергеу нәтижелерінің қалай болғанын өздеріңізде жақсы білесіздер. Кеше Ішкі істер министрлігі барлық мән-жайды айтты. Кішкентай жас баланың қыршыннан қиылғанын көрдік. Біз де әкеміз. Біздің ініміз, бауырымыз, балаларымыз бар. Қасыма түсіретін адамды (ред. – мобилограф) ертіп бармадым. Жалпы өзіммен ешкімді ертіп бармадым. Тек спортшы досым болды", - деді Мәжіліс депутаты.
Тілшілер спикерден бейнежазбаны неліктен монтаждап салғанын нақтылады.
"Ол видеоны өзім салдым. Мысалы, Қожанасырдың әңгімесін өздеріңіз білесіздер ғой. Ол атына мінсе, халық "неге міндің?" дейді. Атын жетектесе, халық "неге жетектейсің?" дейді. Яғни халық барсаң да ренжиді, бармасаң да ренжиді. "Осыған хайп керек пе?" деп айтады. Алматы облысының азаматы ретінде бармайтын болсам, онда халық тағы "неге депутат ретінде бармай отыр?", "неге біз оны сайладық?" дейді. Сондықтан мен депутат ретінде емес, азамат ретінде бардым", - деді мәжілісмен.
Ардақ Назаров марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов туралы да айтты.
"Қаржаубай бауырымның отбасына кірдім. Үйдің төрінде үлкен ата отыр екен. Қайғырып, құлазып, немересінен айырылып отыр. Оның қасынан әжені көрдім. "Өзім тәрбиелеген жарығым" деп жылады. Қаржаубай "Ардақ аға, мен сізбен бұрыннан танысқым келуші еді, бірақ осындай жағдайда танысқаным ыңғайсыз болды" деді. Бірақ ол үй өртенгеніне де ренжімейтінін, үй сұрамайтынын айтты. Барлығы әділ түрде заңмен шешілсе екен деген тілегін жеткізді. Қаржаубай Нұрымовтың салқынқандылығына риза болдым. Ешқандай эмоция көрсетпеді. Өте байсалды түрде жауап берді", - деп атап өтті ол.