"Немерем маған "ата" деп сөйлейді", - дейді ол.
Қазақстанда қазақ тілін насихаттап жүрген америкалық азамат Джоел Адамсонның видеолары әлеуметтік желі қолданушыларының көңілінен шықты, деп Skifnews.kz ақпарат порталы 24kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақшаға судай бұл шетелдік азамат Джоелды достары қазақшалап, "Жолтай" деп атайды.
Джоел Адамсон Қазақстанға алғаш 90-шы жылдары келіпті. Жұмыс орайымен Алматы, Атырау қалаларында болып, әрі жергілікті жұрттың тұрмысымен танысады.
"Қазақ тілі әуелгіде күнделікті қарым-қатынас үшін керек болды", - дейді.
Бара-бара құлшынысы артып, оны тереңнен меңгереді. Тіпті арагідік Америкаға кеткен кездері де ізденісін тоқтатпайды.
"Мүмкін 5 мың сөз білемін. Мүмкін 2 мың сөз. Негізі қазақ тілі өте бай екен. Қазақ тілінің сөздік қоры мол. тіл үйрену сыйластықты көрсетеді және халқы сыйлайды. Егер халқы сыйлайтын болса, тілді білу керек. Тақия киемін. тақия кимесем, мүмкін мені орыс деп ойлайды.Тақия кисем мүмкін түрік деп ойлайды. Тақия кигенімді жақсы қабылдайды, жарасады деп айтады. Қазақ тілінде сөйлегенімде олар қуанып кетеді", - дейді шетел азаматы Джоел Адамсон.
Қазір Джоел мен жары Эн Астанада тұрып жатыр. Жеке кәсіптері бар. Бір ұл, бір қызы да қазақ топырағында өсіп-өнген. Қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебінде тәлім алған. Қазір аяқтанып, өмірде өз жолдарын тапса да, ерлі-зайыптылар оларға ақыл айтуды парызы санайды. Әсіресе, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету сынды қазаққа сіңген асыл қасиеттерді бұл шаңырақ берік ұстанады.
"Қазақстар негізі олардың ерекшелігі, отбасын, жанұяны көп ойлайды. Балаларды қарау, ойлау. Сол маған ұнайды. Тіл жағынан ол көрсететі. Себебі қазақ тілінде әр туысқанға қатысты сөз бар. 25-30 арнайы сөз бар. Мен бәрін жаттап алған жоқпын, бірақ менде жиен немерем бар. Жиен немере деген ағылшынша жоқ ондай сөз. Немерем маған "ата" деп сөйлейді", - дейді ол.
Джоел қазақ тілін үйде ғана емес, түзде де біркісідей насихаттап жүр. Ол үшін әлеуметтік желіні белсенді қолданады.
Оның сөзінше, "бүгінді тіл үйрену қиын емес, бастысы ниет пен тілек болса игі".