Жаңа жылдан бастап құрылыс компаниялары әр сатылған үй үшін 12 пайыз салық төлейді.
Қазақстанда құрылыс компанияларына әр сатылған үй үшін 12% ҚҚС (қосылған құн салығы) төлеу туралы шешім құрылыс секторына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Бұл жаңа салық 2025 жылдан бастап күшіне енеді. Қоғам белсенділері мен экономистердің пікірінше, салықтың өсуі тұрғын үй бағасының қымбаттауына алып келуі мүмкін, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл, әсіресе, ипотекалық бағдарламаларға кері әсер етеді. Өйткені халықтың сатып алу қабілеті төмендеуі ықтимал. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының бәсеңдеуі де мүмкін. Себебі құрылыс компанияларының шығындары артады.
Алайда Ұлттық экономика министрлігі бұл шешімнің тұрғын үй бағасына айтарлықтай әсер етпейтінін, Үкімет қаржыландыратын бағдарламалар мен әлеуметтік тұрғын үй нарығына бақылау жүргізетінін атап өтті. Бұл шара тұрғын үй құрылысын және оның қолжетімділігін реттеуге бағытталған.
Ал қоғам белсенділері тұрғын үй бағасының қымбаттауы халықтың жағдайын қиындататынын ескертіп, осы мәселені талқылауды талап етіп жатыр. Әсіресе, халықтың баспана алуға мүмкіндігі шектеулі және ипотека қолжетімсіз болатынын айтып, салықты қайта қарау керектігін алға тартып отыр.
"Құрылыс компанияларына қосымша құн салығын көтерген жағдайда, әрине, ол – бірінші кезекте үй бағасының өсіміне алып келетін нәрсе. Себебі бұл ақшаны құрылыс компаниясы өз қалтасынан шығармайды. Ол бәрібір қарапайым халықтың – үй алатын азаматтардың қалтасына қиын соғады", - дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.