Сондай-ақ, сот оның сыбайласы Ерлан Саудегеровке қатысты шешім қабылдады.
Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты журналист Данияр Әділбековті жалған ақпарат таратқаны үшін, 4,5 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сот "Дикая Орда" анонимді Telegram-арнасының авторы Әділбеков Данияр және оның сыбайласы Ерлан Саудегеровке қатысты шешім қабылдады.
"Сот Әділбеков Даниярға көрінеу жалған сөз жеткізгені, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, азаматтардың құқықтарына елеулі зиян келтіруге себеп болған жалған ақпарат таратқаны үшін 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын негізге ала отырып, онша ауыр емес жазаны неғұрлым қатаң жазамен алмастырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтейді. Сот екінші сотталушы Ерлан Саудегеров ақпаратты журналиске бергені үшін пробациялық бақылау орната отырып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген сот шешімінде.
Сот шешімінде Әділбеков пен Саудагеровтің кәмелетке толмаған балалардың болуын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Алайда, олардың алдын ала сөз байласу арқылы жасаған қылмыстары ауырлататын жағдай ретінде бағаланды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.