19.10.2024, 22:30

Зарина Дияс Түркияда өтіп жатқан ITF W50 турнирінің финалына шықты

Фото: insport

Бір сағат 6 минутқа созылған ойын барысында Зарина 6 брейкке қол жеткізді. 

Қазақстандық теннисші, әлемнің 488-ракеткасы Зарина Дияс Кайсери (Түркия) ITF W50 турнирінің финалына қатысатын болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 485-орында тұрған ресейлік Екатерина Маклакованы айқын басымдылықпен ұтты – 6:1, 6:2.

Бір сағат 6 минутқа созылған ойын барысында Зарина 6 брейкке қол жеткізді. Маклакова 2 брейктен аса алмады.

Бүгін осының алдында З.Дияс ширек финалда түркиялық Дениз Дилекті ойсырата ұтқан еді – 6:0, 6:2.

Зарина Дияс финалда әлемнің 224-ракеткасы, Беларусь өкілі Алена Фалей немесе рейтингіде 338-сатыдағы болгариялық Изабелла Шиникованың қай жеңгенімен чемпиондық атақ үшін таласады.

Жарақатына байланысты екі жылдық үзілістен кейін кортқа биыл оралған қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 418-орынға көтеріліп тұр.