Оқиғаға байланысты өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ешқандай шара қабылдамаған.
Желіде Талдықорғандағы дүңгіршектердің бірінде самсаның арасында жүрген тышқанның видеосы тарады. Видеоға қатысты санитарлық дәрігерлер түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, бейнежазбада көрсетілген фактілер бойынша тексеру тағайындау үшін қалалық санитарлық-эпидемиологиялық орталығына өтінішпен жүгінулеріңіз қажет. Оған қоса “Электронды үкімет” порталында да нақты субъектіге қатысты бұзушылықтар, халықтың өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін фактілерді көрсетіп, шағымдансаңыздар болады”, – деп жазды Жетісу облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
"Әділдік және өркендеу" қоғамдық қорының белсендісі Сергей Тандеев нақты шағым болмаса, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ешқандай шара қабылдай алмайтынын айтты.
"Жақында Талдықорған қаласының бас санитарлық дәрігері Сәуле Аханова қоғам белсенділерімен кездесу өткізді. Қазір біз мектептегі тамақтың сапасын қадағалап жатырмыз. Алайда нақты факті, жәбірленушілердің мәлімдемесі болмайынша, департамент тексеріс жүргізе алмайды екен", – дейді Сергей Тандеев.
"Адам құқықтары, заңдылықты сақтау және демократияны насихаттау қоғамы" бірлестігінің мүшесі Әсем Смағұлова мемлекет тарапынан қолдау алатын кәсіпкерлердің немқұрайлылығын айтып шағымданды.
"Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға, қолдауға қыруар қаржы бөледі, бірақ біздің дүкендерге барсаңыз, елде өндірілген тауарды әрең табасыз. Мемлекет кәсіпкерлер арасындағы шынайы бәсекеге араласпауы қажет. Сонда ғана ең мықтылары жұмыс жасайды. Бюджеттен қолдау алып отырғандар бәсекеге қабілетсіз. Дүңгіршектегі тышқанға қатысты дәрігерлердің түсініктемесін көріп, шошып кеттім. Арыз жазуымызды сұрады. Сонда ешкім арыз жазбаса, мына тышқан самсаны аралап жүре бере ме?" – деп ашуланады Әсем Смағұлова.