Оңтүстік астанасындағы тариф басқа мегаполистерге қарағанда айтарлықтай жоғары.
Шымкент қаласының тұрғындары жеке меншікке өтіп кеткен «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-н мемлекет меншігіне қайта тапсыруды талап етіп петиция жариялады. Петиция epetition.kz ресми сайтына шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ozgeris.info сайтына сілтеме жасап.
Шымкент қаласы әкімінің аппаратына жолданған 5 бөлімнен тұратын петиция мәтініне сүйенсек, Оңтүстік астанасындағы тариф басқа мегаполистерге қарағанда айтарлықтай жоғары.
«Біз Шымкенттің су арнасын мемлекеттік меншікке қайтаруды талап етеміз. Себебі:
1. Басқа мегаполистермен салыстырғанда Шымкентте ең жоғары тариф: Сумен қамтамасыз ету бойынша орташа тариф (1 м³ үшін): • Шымкент қ. – 140,08 теңге • Алматы қ. – 77,54 теңге • Астана қ. – 97,77 теңге Кәріз үшін: • Шымкент қ. – 121,76 теңге • Алматы қ. – 42,75 теңге • Астана қ. – 95,92 теңге
2. Стратегиялық маңызды нысанды жекешелендіру заңсыз жүзеге асырылды, нәтижесінде біртұтас нысан бөлінді. Бұл заңға қайшы әрекет. Бірақ СРМ иесі бұл туралы біле тұра, әкім кезінде шешімге қол қойды, кейін кәсіпорынның иесіне айналды.
3. Қазіргі уақытта анықталғандай, Ақбай-Қарасу су қоймасы аумағында келесі бизнес нысандары орналасқан: • күн батареялары (негізінде «СРМ» ЖШС-не тиесілі емес); • қонақ үй кешені, жабық бассейн және салтанат залы. Сонымен қатар екі қабатты тұрғын үй мен мал қора.
4. Су тарифіне қажетсіз нысандардың құрылысы қосылған: • темір-бетон бұйымдарын өндіру цехы; • Боржар жинағышынан электр станциясына дейінгі құбыр.
5. Біз, қала тұрғындары, СРМ иесі кәсіпорынды дамыту үшін алған ЕҚДБ несиелерін жылдар бойы төлеуге мәжбүрміз. Неге ол басқа монополистер сияқты жеке қаражатын салмай, Шымкент тұрғындарын қарызға батырып отыр?», — делінген петиция мәтінінде.
Сондай-ақ, ауыз судың сапасы және су құбырларын тарту жұмыстары айтарлықтай төмендеген. Тұрақты апаттар, жарылулардан кейін бірнеше сағат бойы құбырдан кір су ағады (ал есептегіш бізге кейін төлеуге тура келетін текше метрлерді санай береді).