28.10.2024, 00:30

«Мынау не?»: Журналист балабақшада беташар ұйымдастырған тәрбиешілерге ашуланды (ВИДЕО)

Фото: видеодан алынған кадр

Сәбилерді үйлендірген балабақшаға іздеу салынды.

Сәбилерді үйлендірген балабақшаға іздеу салынды. Әлеуметтік желіде балабақша балаларына беташар ұйымдастырған тәрбиешілердің бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Тәрбиешілер балаларға салт-дәстүрді үйрету мақсатында беташар жасаған болуы керек. Бейнежазбада кішкентай қызға ақ орамал жауып, сәлем салғызып жатқанын көруге болады. Аталған бейнежазбаны журналист Гүлмира Әбіқай өзінің желідегі парақшасында жариялап, балабақша мен әдіскерге іздеу салды.

МЫНАУ НЕ? Бақшаға үлгі болар салт-дәстүрдің бәрі бітіп, енді келін түсіру ғана қалып па еді? Меніңше, дұрыс емес! Өздері әлі ана сүті аузынан кеппеген бөбектерге осы қажет пе? Қай бақша, қай әдіскер мұны ұйымдастырып жүрген????, - деп жазды журналист.

Желі қолданушылары да балабақшада беташар жасап, кішкентай қызды келін болуға үйреткен тәрбиеші мен балабақша басшылығына ашуланды.