Орыстілді аналарға арналған қазақ тілі мектебін ашсам, қолдар ма едіңіз?
Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары, продюсер Мөлдір Мұқанова болашақта тіл мәселесіне қатысты жоспарын бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, орыстілді аналарға үндеу жасады.
“Аналар, тіліміздің шұбарлануына өзіміз кінәліміз. Мені алаңдататын мәселенің бірі – тіл. Ана тілі деп аты айтып тұрғандай, ананың тілі қандай болса, баланың тілі де сондай болады. Әке тілі, ана тілі демейміз. Тілдің дұрыс болмауына аналар кінәлі. Қазақша білмейтін аналар бар. Үйдегі анасы қазақша сөйлесе, алты бала да қазақша сөйлеп кетеді. Бір әулеттің қазақтілді болуына ықпал етіп тұрсың. Ал, енді оқырмандарыма сұрақ: Орыстілді аналарға арналған қазақ тілі мектебін ашсам, қолдар ма едіңіз?”, – деп жазды продюсер.
Желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, өзінің балалары қай тілде сөйлейтінін сұрап жатыр.
“Өте дұрыс бастама, мен әдістемесін қолдар едім”, “Тұрсынбектің тілі орысша емес пе?!”, “Өзінің балалары орысша сөйлейді”, “Адамның аузына бірнеше тіл сыяды”, “Мөлдір дұрыс айтып отыр”, – деп жазды көпшілік.