30.10.2024, 13:00

Қазақ тілінде мультфильмдер жасауға 350 млн теңге бөлінді

Фото: Pixabay

Асхат Аймағамбетов контент сапасын арттыру қажеттілігіне де тоқталды.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов телеграм арнада хабарлады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы. Бүгінгі таңда бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар “Синий трактор” мен “Маша и Медведь” сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс.

Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз",  – деп жазды депутат.

Асхат Аймағамбетов контент сапасын арттыру қажеттілігіне де тоқталды.

"Қазақша балалар контентін жасауда белгілі бір қиындықтар бар. Мәселен, “Балапан” телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтер сияқты әрекет етеді", – деп осы бюджет арқылы бөлінген қосымша қаражат қазақша контенттің сапасын арттыруға ықпал ететіне сенім білдірді.