31.10.2024, 16:00

«Бәрімен қазақ тілінде амандасамын»: 5 тіл білетін полиглот полицей көпшілікті таңғалдырды (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Әр азамат алдымен ана тілін құрметтеу керек.

Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің инспекторы, аға лейтенант Жеңіс Өнербек 5 тілді меңгерген. Қазіргі уақытта ол "Бәйтерек" жанындағы туристік полиция бөлімінде жұмыс істеп жүр. "1001 түн" бағдарламасына берген сұқбатында тәртіп сақшысы "әр азамат алдымен ана тілін құрметтеу керек" деп санайтынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Аға лейтенант Жеңіс Өнербек туристік полиция сапында қызмет етеді. "1001 түн" бағдарламасына тікелей байланысқа қосылып, сұхбат берген полицей қазақ тілінен бөлек, ағылшын, орыс, ұйғыр, қытай тілдерін жетік білетінін айтты.

"Күнделікті 10-15 адам келіп бізден көмек сұрайды. Көршілес Қытай елімен визасыз режим ашылғалы, сол елден туристік мақсатта келетін азаматтар өте көп. Астанаға келіп, табиғатына тамсанып жатқан туристерді жиі көреміз. Оларға көмектесіп, өз міндетімізді атқарамыз", - дейді тәртіп сақшысы.

Өнер Жеңісбек – Қытайдың Алтай қаласында туған қазақ. Ол еліне келіп, полицей болуды армандаған.

"2006 жылы елге оралдым. Елге оралған соң, тәуелсіз Қазақстанымның бір кірпіші болып қаланайын, отаныма полицей болып қызмет етейін деген арманым болған еді. Менің ұстанымым бойынша, туристермен де, бәрімен алдымен қазақ тілінде амандасамын. Кейін түсінбей жатқан жағдайда ұлтына қарап, сол тілде сөйлеп, көмектесемін. Туристер таңғалып жатады. "Өз тіліңді құрметте, өзге тілдің бәрін біл" деген бар ғой. Сол секілді қазақ жастары білімді болып, кез келген тілде сөйлей алса деймін", - дейді Өнер Жеңісбек.