Сейітқазы Бейсенғазыұлы билік пен БАҚ арасындағы дәнекер «баспасөз хатшысы» атты қызметті алғаш игерген жандардың бірі.
Бүгін белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, қоғам қайраткері Сейітқазы Матаев 70 жасқа толды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сейітқазы Бейсенғазыұлы билік пен БАҚ арасындағы дәнекер «баспасөз хатшысы» атты қызметті алғаш игерген жандардың бірі. Ол тұңғыш президенттің бірінші баспасөз хатшысы болды. Тәуелсіз Қазақстандағы объективті журналистиканың дамуына үлес қосты. Ардагер журналистің әр таңы жаңалықтар шолуынан басталады. Бұл қалыптасқан әдет, - дейді өзі.
Сейітқазы Матаев РСФСР-дің Алтай өлкесі Новогригорьевск ауданы Лебяжье селосында туған. 1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетін «журналистика» мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолы: 1980-1982 жылдары ТАСС - КазТАГ-тың Торғай облысы, ал 1982-1986 жылдары Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істеді. 1986-1989 жылдары облыстық «Индустриалды Қарағанды» газеті бас редакторының орынбасары, 1989-1991 жылдары «Известия» газетінің Қазақ КСР-і бойынша меншікті тілшісі, 1991-1993 жылдары ҚР Президентінің баспасөз хатшысы, ал 1993-1994 жылдары - ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған. 1994-1996 жылдары қайтадан «Известия» газетінің ҚР бойынша меншікті тілшісі, 1996 жылдан қазіргі уақытқа дейін Ұлттық баспасөз клубының президенті, ал 2001 жылы Қазақстан Журналистер Одағының басқарма төрағасы болып, 2006 жылы екінші мерзімге қайта сайланды.
Қазақстан Журналистер Одағы – Республикалық журналистер Конгресінің құрылтайшысы, сондай-ақ ТМД Журналистер ұйымдары Конфедерациясының және Қазақстан шығармашылық Одақтары Конфедерациясының құрылтайшысы.
Ол сонымен қатар Қазақстан Президенті жанындағы БАҚ жөніндегі қоғамдық кеңестің, журналистік сыйлықтар мен Мемлекет басшысының гранттарын беретін комиссияның мүшесі.
С.Б. Матаев – КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистика Академиясының толық мүшесі, ТДМ журналистер ұйымдары Конфедерациясының вице-президенті.