$ 494.87  520.65  4.91

«Атайын десең - аң емес, сояйын десең - мал еместің» дәл өзі»: Депутат квадроберлерге қатысты тағы дабыл қақты

Бүгінде Ресейде бұл мәселе бойынша заң қабылдау талқыланса, өзбек халқы ата-анаға міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу мәселесі қолға алынған.

Фото: gov.uz
Фото: gov.uz

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев квадроберлер мәселесін көтеріп, көрші елдердегі жағдайды айтты, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Депутат бұл құбылысты балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қатер деп бағалады.

"Квадроберлер дегеніміз кім? Қарапайым тілде айтсам, олар адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүреді. Итше, мысықша өмір кешіп, соларды дыбыстайды. Мәшһүрше айтқанда, "Атайын десең - аң емес, сояйын десең - мал еместің" дәл өзі", - деді ол.

Дәулет Мұқаев квадроберлерге қатысты жантүршігерлік деректер көрші елдерде тіркеліп жатқанын жеткізді.

"Олар тек сыртқы кейіп өзгертіп қоймай, иттерге тән әрекеттер жасап, адамдарға шабуылдау, яғни тырнау, тістеу фактілері де кездескен. Дәл бұл оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгерді. Бұл, бұл ма?!  Әлеуметтік желілерде квадробер болуды үйрететін арнайы топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдастырып жатыр. Бұл бір қарағанда балалық қылық деп қабылдағанмен, балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізіп, шектен шығып барады", - дейді ол.

Депутат батыс елдеріндегі жағдай мүлдем күрделі екенін, балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануарша дыбыстауды шығарғанын айтты.

"Бұл субмәдениет өкілдеріне арнап арнайы кештер ұйымдастырылатын болған. Сонымен қатар квадробер болуға қажет заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылып жатыр. Ең қорқыныштысы - балалар бұл ойыннан психологиялық зардап шегіп, адам болудан қалады. Адамдық проблемалардан қашып, жануар болуға әуестенеді. Біз бұл мәселенің алдын алмасақ, білдей бір ұрпақтан айырылу алдында тұрмыз. Бала бойына адамдық құндылық ұялатудың орнына, кері кету процесі алға шықты.

Әлем елдері дабыл қағып, балаларға ерекше көңіл бөлуге шақырып жатыр. ...Бүгінде Ресейде бұл мәселе бойынша заң қабылдау талқыланса, өзбек халқы ата-анаға міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу мәселесі қолға алынған", - деді ол.

Депутат құзырлы органдардан бұл мәселені жан-жақты зерттеп, алдын алу бойынша шаралар қабылдауды сұрады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 8
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары