Әйел адамның үстіне ағаш құлаған.
Кешелі бері Павлодар облысының аумағында ауа райы құбылып тұр. Бүгін желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 30 метрге дейін жетеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сол себепті облыс мектептерінде екі ауысымдағы сабақтар толығымен онлайн форматқа ауыстырылды. Облыс орталығының бір бөлігі желдің салдарынан сорғы станциясының істен шығуына байланысты сусыз қалса, кейбір елді мекендер жарықсыз қалды. Әзірше жауапты органдар қатты желден зардап шеккен нысандар туралы ресми ақпаратты жариялаған жоқ.
Ал әлеуметтік желілерде Павлодар қаласындағы аулаларда құлаған ағаштардың видеосы тарауда. Кейбір құлаған ағаштар көліктерге зақым келтірді. Өкінішке қарай, сондай жағдайлардың бірінде зейнеткер қайтыс болды. Әйел адам Естай көшесі, 89/1 мекенжайындағы ауладан өтіп бара жатқан кезде ағаштың астында қалған.
“Жедел жәрдемге шақырту 7 қараша күні сағат 09.37-де түскен. Медицина мамандары оқиға орнына 6 минутта жетті. Зардап шеккен 1957 жылғы әйел алған жарақат салдарынан қайтыс болды”,-деп хабарлайды Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы.