$ 498.34  519.72  4.85

Жамбыл облысында 250 оқушы оқу жылының ортасында мектепсіз қалды

Сондай-ақ ата-аналар ай сайын сапалы білім алуға қомақты қаражат төлеп келгендерін айтады. 

Фото: Максим Стулов / Ведомости
Фото: Максим Стулов / Ведомости

Жамбыл облысында 250 оқушы оқу жылының ортасында баратын мектеп таппай сабылып жүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Оған жыл басында ашылған жеке мектептің құжаты жоқ болып, аяқ-асты жабылуы себеп. Ал жұмыс істеуге рұқсаты жоқ делінген мектептің оқушыларын ешбір мектеп қабылдамаған. Өйткені оқушылардың бұған дейін оқығандары туралы деректер ортақ базада жоқ. Ата-аналар балалардың оқығаны туралы құжат бере алмай отырған білім ордасына наразы. Сондай-ақ ата-аналар ай сайын сапалы білім алуға қомақты қаражат төлеп келгендерін айтады. 

“Балаларымыз бір тоқсан бойы базада жоқ. Мектеп базасында жоқ. Табельда да жоқ. Үш ай бойы балаларымыз қайда жүрген сонда, білмейміз. Талабымыз — құжаттарамызды берсін. Балаларды мектепке кіргізу керек. Бұл мектепті қалай ашты?! Біз сеніп қалып баламызды бердік. 250 баланың тағдырын шешіңдер. Бір тоқсан балалар далада жүр”, – дейді оқушының анасы Нұргүл Сатаева.

Ата-аналардың айтуынша, мектеп ұжымы мектепте мұндай олқылықтың барын еш ескертпеген. Жиналғандар мектептің құжаты жоқ екенін баласын басқа мектепке ауыстырмақ болған ата-анадан білген. Ата-аналардың кейбірі тіпті жылдық оқу ақысын төлеп қойған.

“42 мың теңге төйлейтін едік, кейбір атана 46  мың төйлейді. Сол жеңілдік сіздерге үш айға, 36 мыңнан төлеңіздер деп. Кейбірі бір жылын төлеп тастады 36 мың деген, кейін алты айлығын, үш айлығын төлеп тастады. Бірақ ақшамыз да жоқ. Ақшамызды қойшы, лицензиясы да жоқ қой”, – дейді оқушының анасы Айсұлу Хасанова.

Ал білім бөлімінің мамандары оқу орталығына тексеріс басталғанынан бейхабар. Айтуынша, білім сапасын бақылау департаменті лицензияның жоқ екенінін ескертіп, алдын ала хат жолдамаған. Білім бөлімінің басшысы мектепсіз қалған оқушылар басқа мектепке ауыстырылады дейді. Ол үшін әр мектепке  оқушылардың мәліметі жеке-жеке берілмек.

“Бір тоқсан бойы оқымаған. Біз мына кісілерге өзіміз сұратып, әрқайсысын бағалатуға мүмкіндік жасаймыз. Енді қазір жекеменшіктен мемлекеттікке береміз десеңіздер, ол да өз құзырларыңызда. Оны біз қабылдай аламыз”, – дейді Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова.

Жауапты мекеме мамандары лицензиясыз жұмыс істеп келген мектепті сотқа берген. Қазір іске қатысты сот процесі басталды. Олардың айтуынша мектептің заңсыз жұмыс істеп келгені дәлелденсе, бұған дейін мемлекеттік бюджеттен берілген қаражат кері қайтарылмақ. Қазір өңірде оқушыларға білім беретін 24 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Тексеріс кезінде аймақтағы үш жеке мектептің рұқсат қағазы жоқ екені анықталды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары