Қазақша атымды айтқанда, ол еңіреп жылады. Ішімнің өртенгені-ай. Бір-бірімізге қарап жылай бердік.
Ләззат (Алиса) Шашуова 25 жаста, Қарағандыда дүниеге келген. 4 жасына дейін балалар үйінде болған оны шетелдіктер асырап алған. Ләззат туған анасы туралы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Өзімнің кім екенімді түсінбей өстім. «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап болмады. Мені асырап алған кісілер «біз асырап алғандықтан ғана сен жақсы өмір сүріп жатырсың, жетімдер үйінде қалсаң, ішкенің ірің, жегенің желім болатын еді» деп жиі қайталайтын. «Қазақстанда тұрсаң, өмірің өте нашар болатын еді» дейтін. Ойымды өзгертуге тырысатын. Ұрып-соққан жоқ, бірақ ауыр сөзбен жанымды жаралады. Сезімдерімнің құнын түсірді. Басымнан өтіп жатқан нәрсені маңызды деп есептемеді. Жақыным деген адамыңның сені түсінбегені қиын. Оларды жақсы көремін, ренішім де көп. Тағдырымды, өзімді қабылдай алмадым»,- деді ол «Шетелдегі қазақ балалары» жобасында.
Ләззат туған анасын іздеп, әлеуметтік желіге жазған. Бірнеше адамның көмегімен Ләззат 3 айда туған анасымен қауышқан.
«Оны алғаш көргенде қуанғаннан жүрегім жарылып кете жаздады. Өңім бе, түсім де деп өз көзіме сенбедім. Түс көріп жатқандай болдым. Анама қатты ұқсайды екенмін. Қазақша атымды айтқанда, ол еңіреп жылады. Ішімнің өртенгені-ай. Бір-бірімізге қарап жылай бердік. Тіпті сөйлей де алмадық», – деді ол.
Ләззаттың биологиялық анасы бес баласын аш қалдырмау үшін жұмыс іздеген. Өз ағайындарына бір баладан аманаттап, кенжесі Ләззатты балалар үйіне екі айға тапсырған. «Етек-жеңімді жинап болғанша, мемлекеттің қорғауынды болсын» деген екен.
«Анам мені үш жасымда балалар үйіне өткізген. Қайтадан алып кетуге келгенде мені таппай қалған. Арада біраз уақыт өткен соң барлық бала-шағасын жинаған. Тек Ләззатты таппаған. Іздемеген жері жоқ. Үш жыл іздеп, ештеңе таппаған. Асырап алған адамдарға да, туған анама да кінә артпаймын. Бұл жерде кінәлі біреу болса, ол балалар үйі деп ойлаймын. Олар бала мен ананы ажыратқандарына бас ауыртқан жоқ. Оларға бәрібір болды. Анам екеуміз сөйлесіп тұрамыз, бізге аудармашының керегі жоқ. Бәрін көзімізден ұғамыз», – деді ол.