$ 495.2  522.34  4.94

Қазақстанда жалғыз Бишімбаев қана қатынын өлтіріп пе? – Айгүл Орынбек

Тақырып керек болса, әділдіктің орнауын қаласаңыздар, Шымкентте неке түні қайтыс болған қыздың ісін көтеріңіздер!

Фото: Aigul Orynbek фейзбук парақшасынан
Фото: Aigul Orynbek фейзбук парақшасынан

Кеше әлеуметтік желілерде Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты «колониядан табу мүмкін болмады» деген ақпарат тараған. Артынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады. Енді қоғам белсендісі әрі заңгер Айгүл Орынбек осы шуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Қазақстанда жалғыз Бишімбаев қана қатынын өлтіріп пе?

Жазасын алды, енді неге жайына қалдырмасқа?

Жалған ақпарат таратып, елді дүрліктірудің не қажеті бар? Тақырып керек болса, әділдіктің орнауын қаласаңыздар, Шымкентте неке түні қайтыс болған қыздың ісін көтеріңіздер! Әлде ол қыздың әкесі немесе ағасы жоқ болған соң, бұл іс қызық емес пе?

Неке түні қайтыс болған қыздың ісінде құрбысы куәгер. Басында құрбысы «күйеу жігіт зорлаған!» деп  куәлік берген, кейін екі ай өткен соң, куәгер қыздың әңгімесі де өзгеріп шыға келді. Шымкент полициясы сол кезде екі ай бойы  жігітті таппай іздеп жүрді. Анасы әлеуметтік желіге шығып, Президенттен көмек сұраған еді,  полиция жігітті бірден таба салды. Көптеген БАҚ өкілдеріне шықтым көмек сұрап, біразы бұл тақырып бойынша жазғысы келмеді. Әлеуметтік желіге қайта-қайта шығып жүріп қылмыстық істі әрең деген де сотқа өткіздік. Сот жігітке қанша жыл берді деп ойлайсыңдар? Ол Бишімбаев емес қой, қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 106 бабымен қозғалып, сот тоғыз жыл ғана үкім етті.

Бұл істің Салтанаттың ісімен еш айырмашылығы жоқ. Себебі ол түні неке қидырған соң, жігіт кафеде  отырып ішімдік ішкен. Содан құрбысы бәрі үйіне барған, ал таңда қыздың анасына «қызыңыз қайтыс болды, моргтен алып кетіңіздер!» деген хабар келген. Бұл іс дұрыс тергелмеген, жігітке жеңіл жаза беру үшін бір жақты тергелген деп баға беремін. Себебі куәгер қыздың статусы дұрыс сараланбаған.

Қылмысты жасырудың өзі қылмыс!», – деп жазды заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 15
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары