$ 494.87  520.65  4.91

Феминистер еркектерді жау көрмейді, олар қоғамда теңдік орнатқысы келеді – Әйгерім Құсайынқызы

Әйел қайда жүргісі келеді, өзі біледі.

«QASQA JOL» ютуб бағдарламасының бұл аптадағы қонағы бейотар феминист, гендерлік теңдік және гендерлік экономика бойынша сарапшы, феминистік марш пен митингті ұйымдастырушылардың бірі Әйгерім Құсайынқызы.

Бағдарлама қонағы қоғамдағы еркектер мен әйелдердің теңдігі туралы, атышулы Қуандық Бишімбаевтың ісі туралы, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың көбеюі туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Феминизмнің бірнеше ағымы бар. Өмірлік құндылығыма, қазіргі жасап жүрген зерттеуіме, жалпы менің қажетімді қанағаттандыратын ағым – бейотар феминизм. Феминизм тек қана АҚШ-та, Ұлыбританияда орта жастағы, орта тапқа жататын ақ әйелдердің шығарған идеясы емес. Қазақ әйелдері Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаев апаларымыз, Бопай ханым да әйел теңдігін өз заманында көтерген, қалың малмен, көп әйел алумен күрескен. Сол әжелеріміздің, апаларымыздың еңбегін жалғастыруды, соларды зерттеу миссиям деп білемін. Осы бағыттағы феминизм Қазақстанда әлі де өзекті деп санаймын. Сонымен қатар қазақ қыздары дегенде ойымызға бірден Әлия мен Мәншүк түседі. Сол апалардың ізін жалғастырушы болғандықтан өзімді бейотар феминист деп санаймын», - деді Әйгерім Құсайынқызы.

Сондай-ақ, ол атышулы Қуандық Бишімбаев кейсі қазақ қоғамындағы әйелдерді бір сілкіндіріп алғанын атап өтті.

«Қазақ қоғамында еркек адамды ақтауға, түсінуге, дәл еркектің ісіне келгенде гуманды болуға тырысамыз. Әйелге келгенде өте қаталмыз. Себебі тарихи солай қалыптасты. Ұлт тағдыры әйелдің мойнында болды: жауапкершілік, отбасыдағы бала тәрбиесін, күйбең тіршілікті әйелдің мойнына іліп қойған жазылмаған дала заңдары әлі де сақталып келе жатыр. Виктимлейминг – жәбірленушіні одан сайын кінәлау. Қазақша – жығылғанға жұдырық. Бізге өліп кеткен, қазір көзі де жоқ, өзі де жоқ адамды кінәлау оңай. Себебі ол бізге жауап бере алмайды, ол бізге "жоқ, олай болмады, былай болды" деп айта алмайды. Қазақстанда ғана емес, көптеген мемлекет тарихында, мәдениетінде, құқықтық санасында әйелді кінәлау басым.

Әйел босанған кезінде өзін, карьерасы мен денсаулығын құрбандыққа шалады. Ол да құрбандық. Әйел тұрмысқа шыққан кезде танымайтын отбасының үйіне барып, бір шаңырақта тұрады. Ол да құрбандық. Бүкіл қыздың тағдыры өзін құрбандыққа шалу мен өзінің бала күнгі арманын, өзінің қалауын екінші орынға қоюмен байланысты. Сол үшін виктимблеймингпен күресуіміз керек, айтуымыз керек. Біз көп жағдайда әйелді мүлдем тыңдамаймыз. Әйелдің сыртынан еркектер сөйлеп, өз тәжірибесін бөлісетін кейстер бар. Тарихи және әлеуметтік әділетсіздіктермен қалыптасып қалған санамыздағы стереотиптермен күресе отырып, әйелді түсінуге тырысуымыз қажет», - деп қосты ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары