Аймақта жаназадағы кей рәсімдерге де шектеу қойылды.
Қостанай облысында жаназаға дейін қонақасы беру сияқты бірқатар рәсімдерге тыйым салынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өңірдің бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы ысырапшылдыққа жол бермеу үшін марқұмды соңғы сапарға шығарып салмай тұрып дастархан жайылмайтынын айтты.
Аймақта жаназадағы кей рәсімдерге де шектеу қойылды. Мәселен, қонақасындағы ас мәзірі бірдей болуы керек. Яғни дастарханға бауырсақ, нан, кәмпит пен өзге де тәттілер, су, шай және тек ыстық тамақ қана қойылуға тиіс. Сондай-ақ жаназаны жиналысқа айналдырмас үшін үш адамнан артық сөз сөйлеуге болмайды.
"Марқұмның жылдық асында көрсетілетін видеороликтердің әуеніне де мән берілу керек. Видеода ішімдік пен ашық киінген адамдар болмағаны дұрыс", - дейді имам.