16.11.2024, 17:30

Перизат Қайрат қамауға алынды

Фото: 01pk инстаграм парақшасынан

Тергеу шаралары жалғасуда.

Еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайрат сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

2024 жылғы 15 қарашада сотқа тергеу органдарының күдікті Перизат Қайратқа қатысты 2 айға дейінгі мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініші келіп түсті. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2024 жылғы 16 қарашадағы қаулысымен күдікті Перизат Қайратқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініш қанағаттандырылды, – делінген хабарламада.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге деректер жариялануға жатпайды.

Бұған дейін Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырғаны туралы хабарлаған едік. Бұл эпизод бойынша Перизат Қайрат 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.

Айта кетсек, еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны 14 қарашада белгілі болды.