22.11.2024, 02:30

Түркістан облысында түрме офицерін үш бастығы ұрып-соққан

Фото: astanatv.kz

Олар орындықпен ұрып, негізсіз жала жапқан.

Түркістан облысындағы №55 түзеу мекемесінің бұрынғы қызметкері әділдік сұрайды. Майор Дархан Төлегеновтың айтуынша, өзін түрме басшысы ұрып-соғып, жұмыстан мәжбүрлеп шығарған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 31 арнаға сілтеме жасап.

Ішкі істер органында 15 жылдан аса тәжірибесі бар азамат өзге де заңсыздықтарды айтып берген. Соның салдарынан ол түзеу мекемесінде жарты жыл ғана жұмыс істеген. Өзін түрменің 3 басшысы кабинетке кіргізіп, соққыға жықты деп отыр. Тіпті, олар орындықпен ұрып, негізсіз жала жапқан.

Қызмет бөлмесіне кіргізіп алып, «Мекемеге есірткі кіргізбек болдың», «сотталғанға ұялы телефон кіргізбек болдың» деп жалған айыптады. Сол жерде мені ұрып, мойнымнан қылқындырып, мәжбүрлі түрде баянат жаздырып алды, – дейді Дархан Төлегенов.

Ол полицейлерді шақырса да олар офицерлерге еш шара қолданбаған. Дегенмен бұл жайттан кейін түзеу мекемесінде тексеріс жүргізілген. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-ның бөлім бастығы Қарлығаш Құралбаева мүлде заңбұзушылық анықталмағанын айтады.

№55 түзеу мекемесінде сотталғандармен заңсыз қарым-қатынас жасағандар дерегі бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, қорытындысына сәйкес теріс қылықтар анықталмады. Ал басшыларына қатысты прокуратурамен бірге қызметтік тексеріс жүргізіліп, қорытындысына сай дәлелін таппауына байланысты, тексеріс тоқтатылды, – деді Қарлығаш Құралбаева.

 

Майор Дархан Төлегенов енді Ішкі істер министрлігіне шағым түсірмек. Оның айтуынша, барлық жайт бейнебақылау камерасында жазулы тұр.