$ 498.34  519.72  4.85

Бүгін - таеквондо тарланбозы Мұстафа Өзтүріктің туған күні (ВИДЕО)

Марқұм тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді.

Бүгін, шетте туып-өскен қазақтардың жарық жұлдызы, қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушы, таеквондодан қара белбеу 6 дан иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүрік дүниеге келген күн, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман — 1954 жылы 23 қарашада Түркияның Қайсары/Кайсери қаласына қарасты Кожажылда туылған. Ол — 1930 жылдары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтай аймағынан көшіп, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі. Мұстафа жастайынан оқу мен өнерге құштар болып, дене бітімі және күш-қуаты күрес спорттарына икемді болған. 16 жасында Ыстамбұл қаласындағы мектепті аяқтап, арнайы жолдамамен Тайваньға оқуға аттанады. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен талантты балаларды жинап оқытатын арнайы жоба еді. 1975-1980 жылдары Тайбэйдегі Халықаралық саясат университетінде оқып, журналист мамандығы бойынша диплом алады. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренді. Шеберлігін 7-кыпқа (сары-жасыл белбеу) дейін жеткізеді.

Оқу бітірген соң Өзтүрік Мюнхенде әскерилер мен полицейлерге шығыс жекпе-жегінен жаттықтырушы болып жұмысқа тұрады. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан. 1980 жылдардың басында Мұстафа Өзтүрік тәрбиелеген, түрік шәкірттері әлемдік жарыстарда жүлде ала бастайды.

1990 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына алғаш келеді. Сол жылы күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға тәрбиелеу үшін Қазақстанға біржола қоныс аударып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады.

Мұстафа қазақ еліне алғаш келіп жүрген кезіндегі бір сұхбатында ішкі жан дүниесін ақтарып айтады.

«Сіздер ел ішінде жүрсіздер. Содан да шығар Қазақстанды біз құсап сағынбайсыздар. Ал біздер шетелде жүрміз. Кейде ойлайсың, осы барлығының елі, жері бар сонда менің елім қайда деп…Шетелде жүрген қазақтар санымыз аз. Жоғалып кетуіміз мүмкін. Сондықтан біздің ақсақалдарымыз қазақтың әдет-ғұрпын, тілін, дінін ұмытпасын деп үйде қазақша сөйлеген. Бұл бізге де әсер етті. Қазақтың ғаламат тарихы болған. Сол тарихымызды ұмытпау үшін ақсақалдар бізге шыққан тегімізді, руымызды құлағымызға құйып, әрдайым айтқызып отырды. Мысалы, Орта жүздің ішінде найман, найманның ішінде байжігіт, оның ішінде мәмбет дейді. Әкелеріміз бізге осыны үйретті. Бірақ біз бәріміз қазақпыз», - дейді спортшы.

Мұстафа Өзтүріктің әкесі Түркия қазақтары арасында Кәбен аталып кеткен, азан шақырып қойған шын есімі Әбдірахман Төлебайұлы. Ол — кезінде Түркия ауған қазақтардың көшін бастаған же­тек­шілердің бірі болған. Қабен Түркия жеріне келгесін өзінің аға өзінің жауырыны жер иіскемейтін шеберлігімен көзге түседі. Түрік бауырлардың Кабен ағаға деген сыйластықтары артып, Өзтүрік атап кеткен.

Жарық етіп сөнген аз ғана ғұмырында ұлтқа, елге қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп кеткен Мұстафа Өзтүрікті қазақ халқы ешқашан жадынан шығарған жоқ. 2000 жылы Алматы қаласында спортшының атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы таэквондо шеберінің 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды. 2014 жылы болса Қазақстанның елордасы Астана және мәдени астанасы Алматы қаласында Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығы және Қазақстан-Түркия достығы бірге тойланды. Бүгінге дейін ол туралы бірнеше деректі фильм де түсірілді. Халқымыз қапияда көз жазып қалған батырдың есімі ел жүрегінде мәңгі сақталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары